Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Іле-Балқаш даласына жолбарыстар қайта оралады

5 Қараша 2025, 11:56
428
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Жолбарысты Қазақстан табиғатына қайта қайтару мақсатында 2026 жылы елімізге Ресейден үш-төрт жолбарыс әкелінбек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев мәлімдеді.

Елімізде 2017 жылы министрлік пен WWF арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, елімізде 2018 жылы жалпы аумағы 415,2 мың гектарды құрайтын «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылған болатын. Бүгінде резерватта бірнеше елден бұғылар мен құлындар табиғатқа бейімделу үстінде.

2018 жылдан бастап 2023 жылға дейін Қазақстанға 200-ден астам бұхар бұғысы, резерват аумағына шамамен 119 құлан көшірілді. Өткен жылы Нидерландтағы Hoenderdaell хайуанаттар бағынан «Іле-Балқаш» резерватына екі жолбарыс (аталық және аналық) жеткізілді, - деді төраға.

Сондай-ақ Амур жолбарысын қайта жерсіндіру мақсатында Қазақстан мен Ресей арасында ынтымақтастықты орнату үшін екіжақты келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.

Кездесулер барысында тараптар жолбарыстарды қайта жерсіндіру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды және адам мен жыртқыш арасындағы конфликттерге ден қою бойынша қазақстандық мамандардың Ресей аумағында даярлықтан өтуіне уағдаласты. Бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес, Ресей Федерациясынан 3–4 жолбарысты әкелу 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған, - деп атап өтті Түрғамбаев.

Айта кету керек, Ресейден әкелінетін жолбарыстар елімізге тегін беріліп, тегін жеткізілмек.

Өзгелердің жаңалығы