Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің барлық өңірінде мереке күндері тыныш өтті. Полиция қызметкерлері өткен жылғы жаңажылдық демалыс күндеріне қарағанда биыл құқық бұзушылықтарды 13,5%-ға аз тіркеді.
Тәртіп сақшылары бұл туралы Polisia.kz бағдарламасының жаңа шығарылымында толығырақ айтып берген.
Жаңа жыл қарсаңында бүкіл ел бойынша 30 мыңға жуық полиция мен Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күшейтілген режимде қызмет атқарды.
Жедел басқару орталығының қызметкерлері қалалар мен облыс орталықтарының көшелеріндегі жағдайды жіті бақылады. ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев елордалық гарнизон бөлімшелеріне барып, мереке күндері қызмет атқарған нарядтардың жұмысын тексерді.
Нұр-Сұлтан қаласының көшелерінде бір жарым мың полицей қызмет атқаруда. Жедел басқару орталығы қаладағы жағдайды бақылауды тұрақты қамтамасыз етеді. Олар келіп түскен барлық қоңырауға жедел жауап береді. Шақыртулардың басым бөлігі тыныштықты бұзу, отбасылық жанжалдар, қараусыз қалған заттар мен шағын жол-көлік оқиғалары сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты, – деп атап өтті министр Ерлан Тұрғымбаев.
Тәртіп сақшылары еліміздің барлық аймағында мерекелік демалыс күндері негізінен ұсақ ұрлықтар, тұрмыстық жанжалдар мен тыныштықты бұзу сияқты деректерді тіркеді.
Нұр-Сұлтанда жаңа жыл қарсаңында полицияның 102 шұғыл шақырту пультіне екі мыңнан астам қоңырау түсті. Жыл басынан бері елордалық полицейлер 10 мас жүргізушіні ұстады. Қостанай облысында жұмыс күндері кезекші бөлімге орта есеппен 400 хабарлама келіп түседі.
Ал 1 қаңтарда полицейлер 650 қоңырау қабылдады. Облыс орталығында демалыс күндері 28 жол-көлік оқиғасы орын алды. Жаңа жыл күндері Семейдегі 102 пультіне бір жарым мыңнан астам қоңырау түсті. Оның 20-сы қылмыстық құқық бұзушылық фактісі болып табылады.
Түркістандағы 102 пультіне қаңтар айының алғашқы үш күнінде 100-ден астам қоңырау келіп түсті. Мұнда тәртіп сақшылары 300-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді. Олардың басым көпшілігі жол қозғалысы ережелерінің бұзылуымен байланысты. Қызылорда облысында жаңа жылдың алғашқы күндерінде полиция қызметкерлері 34 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеді. Олардың 23-і тез арада ашылды. Қоғамдық орындарда мас күйінде 50 адам ұсталды. Тыныштықты бұзудың 10 фактісі анықталды. Бес жүргізуші мас күйінде көлік тізгіндесе, ал 44 жүргізушінің құжаттары жоқ болып шыққан.