Ішкі істер министрлігі ата-аналарға есірткі қылмысына қарсы бірлесіп күресуге шақырып, ресми үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті кәмелетке толмағандарды есірткінің айналымына тарту деректерінің жалғасып жатқанына алаңдаулы. Биылғы үш ай ішінде ел бойынша тыйым салынған заттарды сақтау және тарату күдігімен 23 жасөспірім ұсталды. Олардың арасында колледждердің бірінші курс студенттері мен 9–11 сынып оқушылары бар, - делінген үндеуде.
Министрлік заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын ескертеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296 және 297-баптарына сәйкес, есірткі сақтау және тарату әрекеттері үшін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ, 299-1-бап есірткі құралдарын, оның ішінде интернет пен әлеуметтік желілер арқылы насихаттап, жарнамалағандарға да қылмыстық жауапкершілік жүктейді.
Құрметті ата-аналар! Сіздерді балаларыңыздың араласатын ортасына және олардың бос уақытында немен айналысатынына ерекше назар аударуға шақырамыз. Есірткіге қарсы күресте алдын алу – басты қадам. Балалардың болашағы – біздің қолымызда. Тек бірлесе әрекет ету арқылы ғана қауіпсіз, есірткісіз қоғам құра аламыз!, – деді комитет төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.