ІІМ ҰҚК-мен бірлесіп, заңсыз айналымнан қару-жарақты, оның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруды анықтау және тәркілеу бойынша жұмысты жүйелі түрде жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жаппай тәртіпсіздік кезінде 2960 табельдік және азаматтық қару ұрланған болатын. Бұл ретте соңғы үш жылда жедел іс-шаралардың, тінту және рейдтердің нәтижесінде 8 мыңға жуық атыс және травматикалық қару, 831 граната және түрлі калибрлі 112 мыңнан астам оқ-дәрілер табылып, тәркіленді. Сондай-ақ қару жасырылған 722 орын табылды. Бүгінгі таңда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 1226 қарудың шығу тегі нақты айқындалды. Қалған тәркіленген 6765 қарудың қылмыскерлер тіркеу нөмірлерін қасақана жойып, өшіріп тастағанына байланысты қазіргі уақытта олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, - деді департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Биыл қаңтар айында Шымкент қаласының шетінде зират маңынан қару жасырылған орын табылып, 4 тегіс ұңғылы мылтық пен түрлі оқ-дәрілер тәркіленді. Олардың ішінде Алматы қаласындағы қару-жарақ дүкенінен қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар да бар. Қостанай облысында бұрын сотталған жергілікті тұрғынның жертөлесінен 3 Калашников автоматы табылып, тәркіленді. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ және ҰҚК бұл жұмыстарды тұрақты негізде жалғастыруда, - деді Шыңғыс Алекешев.