ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Асылбек Ыдырысов акция аясында қару-жарақтарға қанша теңге төленетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ІІМ жыл сайын халықтан заңсыз сақталған қару-жарақтарды сатып алу бойынша акция өткізеді.
Биыл мұндай акция елімізде 10 сәуірде басталған болатын.
Өтемақы мәселелеріне келетін болсақ, қаруды өтемді тапсырғаны үшін төлемдер мөлшері олардың түріне, техникалық күй-жайына байланысты әр бірлігі үшін (10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін) 34 мыңнан 345 мыңға дейін әр түрлі болады, - деді бөлім бастығы брифингте.
Сөзінше, сыйақы көлемін әр облыстық, қалалық және аудандық полиция органдарында құрылатын комиссиялар белгілейді.
ІІМ қандай қаруға қанша теңге төлейді:
100 АЕК-ке дейін немесе 345 мың теңгеге дейін – автоматты ойық қаруды тапсырған азамат ала алады.
Ойық ұңғылы мылтықтар мен карбиндер үшін – 172 мың теңгеге дейін.
Тапаншалар мен револьверлер үшін - 138 мың теңгеге дейінгі мөлшерде төлеу болжанады.
Тегіс ұңғылы мылтықтардың әрбір бірлігі - 103 мың теңгеге бағалануы мүмкін.
Травматикалық тапаншалар үшін – 34 мың дейінгі мөлшерде төлеу болжанады.
Төлемдер мөлшерін айқындау кезінде комиссиялар қарудың техникалық жай-күйін ескереді және тиісті санат беріледі, олар барлығы - 3 санатқа бөлінеді.
Айтуынша, 1-санатқа жатқызылған қару үшін төлем ұсынылатын құнының 100%-ы, 2-санатқа 70%-ы, 3-санатқа 30%-ы есебінен жүргізіледі.
Ал сыйақы төлеу мерзімі – 1 ай.
Криминалист-маманның қорытындысы негізінде атыс қаруы, оқ-дәрі немесе жарылғыш заттар болып танылмаған, ІІМ БДБ-ның «Тіркелген қару» және «Криминалдық қару» есебінде тұрған қару-жарақтарға, қолдан жасалған, сондай-ақ тегіс ұңғылы, газды және жарақат салатын патрондарға сыйақы төленбейді, - деп түсіндірді Асылбек Ыдырысов.