ІІМ жүйесінде бакалавриат бағдарламасы бойынша курсанттарды даярлайтын 4 жоғары оқу орны жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олар:
- Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы;
- Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы;
- Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы;
- және Ұлттық ұлан академиясы.
Алматы академиясында жедел уәкілдер мен киберқауіпсіздік саласындағы ІТ-мамандар дайындалады. Қарағанды академиясында болашақ тергеушілер мен криминалистер оқытылады. Қостанай академиясында - учаскелік және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері даярлықтан өтеді. Ал Ұлттық ұлан академиясында болашақ командирлер, барлаушылар, артеллеристер, тыл қызметкерлері, психологтар мен тәрбиешілер, және тағы басқалары оқиды, - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Ол оқуға тапсыру үшін маусым айына дейін полиция бөлімдерінің кадр қызметіне, тұрғылықты жері бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне немесе оқу орнының сайтына өтініш қалдыру керегін жеткізді. Сол жерден қажетті құжаттар тізімімен танысуға болады.