ІІМ көлік апатынан адам өлімі көп болатын жолдарды атап көрсетті

15 Мамыр 2023, 07:36
850
Бөлісу:
ІІМ көлік апатынан адам өлімі көп болатын жолдарды атап көрсетті
Фото: aikyn.kz

Кейінгі 5 жыл ішінде болған 74 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы салдарынан 11 193 адам көз жұмды. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

5 жыл ішінде 74 мыңнан астам жол-көлік оқиғасында 11 193 адам (8 212 ер адам, 2 974 әйел, 1 093 бала) қайтыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рейтингінде Қазақстан 100 000 халыққа шаққанда 12,7 өлім көрсеткішімен әлемнің 192 елінің ішінде 107 орында тұр. Жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан азаматтардың 36%-ы жаяу жүргіншілер, 32%-ы көлік құралдарының жолаушылары, 27%-ы көлік құралдарының жүргізушілері, 5%-ы мотокөлік немесе велосипед тізгіндегендер, - деп жазылған тұжырымдамаға енгізілген Ішкі істер министрлігінің деректерінде.

Ведомство барлық жол-көлік оқиғаларының 94%-ы жүргізушілердің кінәсінен болатынын атап өткен. Оның ішінде 6%-ға жуығы мас күйінде көлік басқаратындар.

Былтыр адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғаларының жартысына жуығын автомектептерде оқымай, өз бетінше оқыған адамдар жасаған. Жоғарыда аталған себептермен орын алған жазатайым оқиғалардың 55% жолда жүру қағидаларын бұзу фактілерін фото-бейне жазбаға түсіретін камералардың жоқтығына және патрульдік полицияның жылжымалы техникалық бақылау құралдарымен нашар жабдықталуына байланысты жол қозғалысын қадағалау мен бақылау тұрақты емес қаланың сыртындағы жолдарда болад», - деп жазылған құжатта.

Сонымен бірге министрлік ұсынған ақпараттың ішінде жол-көлік оқиғасынан адам өлімі көп тіркелетін жолдар айтылған.

Жамбыл облысындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Алматы – Ташкент», Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы «Орал-Атырау» автожолдарының учаскелерінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Яғни, мұнда қайтыс болғандар жалпы апаттардан көз жұмғандардың 60%-нан астамын құрайды, - деп баяндалған тұжырымдамада.

Өзгелердің жаңалығы