Қазақстан полициясы күніне орай ІІМ қызметкерлері, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның ардагерлері, шетелдік құқық қорғау органдарының өкілдері, ведомство қонақтары қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерді еске алып, естелік тақтасына гүл шоқтарын қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығының күзетінде тұрған сақшылар кәсіби мерекеге орай марапатқа ие болды. Бұл күні сала ардагерлеріне де қошемет көрсетілді. Халықаралық серіктестікті нығайтуға үлес қосып жүрген шетелдік мамандардың да еңбегі бағаланды.
Құрметті әріптестер! Қадірлі ардагерлер! Қазақстан Республикасы полициясының күні құтты болсын! Бұл мереке заң мен тәртіптің, тыныштық пен қауіпсіздіктің қорғауында тұрған тәртіп сақшыларының еңбегіне, ерлігіне көрсетілген құрмет деп білеміз, – деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Офицерлерді Халық қаһарманы Қайырбек Сүлейменов те құттықтады. Ғұмырын ішкі істер органдарына арнаған ардагердің біліктілігі мен тәжірибесі погонды азаматтарға өнеге.
Сіздерге табыс, бақыт, амандық пен зор денсаулық тілеймін! – деді ол.
Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Қазақ эстрадасының жұлдыздары айбынды азаматтарға рухты ән арнап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.