Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрлігінде «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс конференциясы өтті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара аралас форматта жүргізілді. Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі ұйымның жаңа төрағасын сайлау болды. Бірауыздан қабылданған шешіммен қоғамдық бірлестіктің төрағасы болып Марат Ахметжанов сайланды.
«Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы Президиумының құрамында да өзгерістер орын алды. Оған жаңа төрағамен қоса, Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Еркін Ботақанов және Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов мүше болды.
Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған байланысты біз бұқаралық балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуды, ардагерлер мен күштік құрылымдардың өкілдерін тарта отырып, спорттық жарыстар өткізуді, «Жас Динамо» жастар қозғалысының жұмысын жандандыруды жалғастыруымыз қажет – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Конференция барысында «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов өткен жылдың жұмыс нәтижесімен бөлісті.
Кездесу соңында алқа мүшелері 2022 жылға арналған негізгі міндеттерді анықтады. «Динамо» – бұқаралық спортты насихаттайтын, жастарды салауатты өмір салтына баулитын, тарихы терең спорттық ұйымдардың бірі.