ІІМ: Бір аптада 2775 қылмыс жасалды

27 Ақпан 2023, 11:24
1107
Бөлісу:
ІІМ: Бір аптада 2775 қылмыс жасалды
Фото: BAQ.KZ

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің аумағында жеті күн ішінде 2800-ге жуық қылмыс жасалған. 

Бір апта ішінде 2775 қылмыс жасалды, оның 1681-і тәулік ішінде ашылды, - деп атап өтті елдегі криминогендік жағдайға тоқталған ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек. 

Айтуынша, тәртіп сақшылары бірқатар қылмысты ізін суытпай ашқан.

Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 8 кісі өлтіруді, 3 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 3 қарақшылық, 44 тонау және 378 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, - деді министрлік өкілі.  

Сонымен қатар ведомство басшысы Маңғыстау облысына іссапармен барғаны белгілі болды. 

Министр Марат Ахметжанов Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесті. Маңғыстау – ежелгі өркениет пен тарихи ескерткіштер мекені. Қарт Каспийдің құшағындағы қала – Ақтау. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың 2023 жылға жоспарланған халықпен кездесуі дәл осы өңірден басталды. Негізгі мақсат – халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, өңірдегі полиция қызметкерлерінің жұмысын тексеру, Мемлекет басышының реформаларын жұртқа жеткізіп, проблемалық мәселелердің шешу жолдарын қарастыру. Министр азаматтарға ең алдымен Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету концепциясы туралы айтты. Құжаттың маңыздылығына тоқталып, басты бағыттарын саралап, ерекшеліктерін түсіндірді. Сонымен қатар шара барысында аймақтағы криминогендік ахуал туралы ақпарат берілді. Министр жалпы қылмыстың 66%-ы облыс орталығында жасалатынын атап өтті, - деді Шұғыла Тұрлыбек. 

Сондай-ақ Маңғыстауда 71 ұрлық, 1 мал ұрлығы, сондай-ақ жыл басынан бері бір ай ішінде 26 алаяқтық фактісі тіркелгені айтылды.

Өңірде әкімдік пен полицияның нәтижелі жұмысының арқасында көпшілікке үлгі болған ауылдар туралы да мағлұмат берілді. Маңғыстау ауданының Оңды ауылы мен Түпқараған ауданының Таушық ауылында қабылданған шаралардың тиімділігінің арқасында бірде-бір қылмыс орын алмаған. Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар сұрақ қойып қана қоймай, түрлі мәселе бойынша өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын білдірді, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы