Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры Руслан Мирзаевпен кездесті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство басшысы Руслан Мирзаевты жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтады. Министр өз сөзінде трансұлттық қауіп-қатерлермен – ұйымдасқан қылмыс, адам саудасы, заңсыз көші-қон, есірткі бизнесі, экстремизм және терроризмге қарсы күресті тек бір елдің құқық қорғау органдарының күшімен жүргізу мүмкін еместігін атап өтті. Дәл осы мәселелерде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Өңірлік антитеррористік құрылымы ерекше рөл атқарады.
Министр алғашқылардың бірі болып ел басшылығының террористік топтарды бейтараптандыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде конституциялық құрылысты қорғау жөніндегі батыл шараларына қолдау білдірген ШЫҰ ӨАТҚ Атқарушы комитетіне ризашылығын білдірді.
Қатысушылар терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары туралы пікір алмасты. Тараптар қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша өзара іс-қимылды нығайтуды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Ерлан Тұрғымбаев Қазақстан ІІМ халықаралық ынтымақтастықты, оның ішінде ШЫҰ, ТМД, ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ, БҰҰ және басқа да халықаралық форматтар шеңберінде кеңейту бойынша қажетті шараларды қабылдауды жалғастыратынын атап өтті. Кездесу өзара түсіністік пен сындарлы диалог атмосферасында өтті.