ИИДМ-нің даулы шешіміне Монополияға қарсы күрес агенттігі аралаcады

4 Сәуір 2023, 21:01
1948
Бөлісу:
ИИДМ-нің даулы шешіміне Монополияға қарсы күрес агенттігі аралаcады
Фото: Сараптама ұйымдарының палатасы

Таяуда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс жобаларын сараптау нарығына қатысты бұйрығы шыққан болатын. Аталған бұйрық сарапшылар тарапынан қарсылыққа ұшырап, жобалаушылар мен тапсырыс берушілер тарапынан түрлі пікірлер айтылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін «Атамекен» ҚР ҰКП және Қазақстанның Сараптама ұйымдары палатасының өкілдері Индустрия министрлігінің Құрылыс істері және Тұрғыш үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, Монополияларды реттеу агенттігімен бірлесіп осы тақырыпты қызу талқылады.

Алдымен, мәселенің жай-күйін қысқаша түсіндіріп өтейік. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес техникалық жағынан күрделі емес жобаларды сараптау аккредиттелген (мемлекеттік емес) сараптама ұйымдарының құзыретіне жатады. Қазір 200-ден астам аккредиттелген сараптама ұйымы жұмыс істейтін жобалардың 80%-ына сараптаманы бәсекелестік ортадағы компаниялар жүргізеді.

Ал министрліктің жаңа бұйрығы бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілетті орган ретінде сараптама объектілерін күрделіліктің бір санатынан екіншісіне ауыстыру арқылы олардың техникалық күрделілігін қайта қарамақшы. Техникалық тұрғыдан күрделі өндіріс орындарына қоймалар, барлық дерлік ауылшаруашылық нысандары – сиыр, шошқа және құс фермалары, жылыжайлар, жеке инвесторлар қаржыландыратын сауда орындары, тіпті шағын жинақталған ауыл мектептері, стадиондар мен мешіттер кіреді. Осылайша, бұрын жеке сараптамалық ұйымдар жүзеге асырған сараптамалық жұмыстардың біраз бөлігі (56%) мемлекеттік монополияға кетпек.

Сарапшылардың пікірінше, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізуіне ешқандай негіз жоқ, объектілердің техникалық күрделілігінің өзгеруінің дәйекті дәлелдері ұсынылмаған, нарықтың толыққанды талдауы, енгізілетін өзгерістердің салдары есептелмеген. Сарапшылар қауымдастығының тарапынан қарсылық туып отырған маңызды себептері аз емес. Сайып келгенде, бұл осы саладағы мемлекеттік монополияның қайта оралуына, сараптамалық ұйымдардың көпшілігінің таратылуына және банкроттыққа әкеп соқтыратын болады дейді олар.

Сараптама ұйымдары палатасының Басқарма мүшесі, «Expert opinion» ЖШС директоры Еркебұлан Байділдаевтың пікірінше, vинистрліктің бұл қадамы құрылыс жобаларын сараптау саласындағы мемлекеттік монополияны күшейтуге бағытталған.

Бұл мемлекеттік саясатқа түбегейлі қайшы келеді, жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттамаға сараптама жүргізуге мемлекеттік монополиядан кезең-кезеңімен бас тартып, жобалардың сараптамасын бәсекелестік ортаға беруге бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 47-қадамын орындау нәтижесінде қалыптасқан паритетті бұзады, - дейді ол.

Қорыта келгенде, жиын нәтижесі Сараптама ұйымдары палатасының көтерген мәселесі негізді екенін көрсетті. Соны ескере келіп, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Сараптама ұйымдары палатасының ұстанымына қолдау білдірді. Комитет өкілдері бұл шешім саланы монополиялауға соқтырады деген Палата өкілдерінің пікіріне келісетіндіктерін жеткізді.

Алқалы жиын соңында Сараптама ұйымдары палатасының төрағасы Бірлік Ережепов жұмыс тобы құрылатынын, осы ережелер бойынша ұсыныстар қарастырылатынын айтты.

Бүгін қызу талқылау болды. Нәтижесінде жұмыс тобын құру және осы ережелер бойынша ұсыныстарды қарастыруды туралы шешім қабылданды. Палата Президенттің бұл тапсырмасы – сараптаманың 80%-ы нарықта, ал 20%-ы мемлекетте қалуы тиіс деген өз ұстанымын нақты белгіледі. Бұл құрылыс саласын монополиясыздандыру мәселесі. Ұлттық экономика министрлігі мен Монополияға қарсы комитет Палатаны қолдайтынын атап өтті. Олар реттеушілік әсерді, осы ережелерді қабылдаудың салдарын, есептеулерді, негіздемелерді талдау үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен барлық құжаттарды талап етті. Менің ойымша, жұмыс әлі алда, – деп атап өтті ол.

Түйіндей келгенде, Сараптама ұйымдарының палатасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс жобаларын сараптау саласын реттеуден шет қалған, саладағы проблемаларды шешпейді деп санайтынын айта кетейік. Мамандардың пайымдауынша, министрлік Сараптама ұйымдарының палатасына құрылыс сарапшыларының кәсіби бірлестігі ретінде құрылыс саласы дамыған елдерде жұмыс істейтін қағидаттар бойынша өзін-өзі реттеу институты арқылы салада тәртіп орнатуға өкілеттік бермей отыр.

Өзгелердің жаңалығы