Харбин қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында қазақстандық спортшылардың 8 ақпандағы нәтижесі жария болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шорт-трек
2000 метрге аралас эстафетаның финалында Қазақстан құрамасы күміс медаль жеңіп алды. Команда сапында Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан, Алина Әжғалиева өнер көрсетті.
1500 метрде сынға түскен Мадина Жанбусинова мен Ольга Тихонова жартылай финалда, Алина Әжғалиева В финалында өнер көрсетті. Ал ерлер бәсекесінде Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша В финалында, Глеб Ивченко жартылай финалда сынға түсті.
500 метрге жарыста Зейнеп Құмархан мен Мерсайд Жақсыбаев ширек финалда, Денис Никиша жартылай финалда, Малика Ермек пен Абзал Әжіғалиев В финалында жеңілді.
Конькимен жүгіру
100 метрге жарыста жерлесіміз Евгений Кошкин күміс жүлдегер атанды. Ол аталған қашықтықты 9,47 секундта жүгіріп өтті. Бұл көрсеткіш Азияның жаңа рекорды еді. Алайда қытайлық спортшы 9,35 нәтижемен рекордты жаңартып кетті.
Дәл осы қашықтықта сынға түскен Алтай Жәрдембекұлы мәреге 4-ші, Артур Галиев 12-ші, Никита Важенин 15-ші жетті.
Әйелдер бәсекесінде Кристина Силаева 8-ші, Инесса Шумекова 12-ші, Маргарита Галиева 13-ші, Дарья Важенина 14-орынға табан тіреді.
1500 метрге жарыста Нұралы Ақжол 8-ші, Демян Гаврилов 9-шы, Роман Биназаров 10-шы және Бақдәулет Сағатов 15-орыннан көрінді.
Ал Надежда Морозова 8-ші, Кристина Шумекова 10-шы, Мария Деген 14-ші, Арина Илиаченко 16-сатыға жайғасты.
Шаңғы жарысы
Ерлер арасындағы спринтте Ұлттық құрама спортшысы Константин Борцов күміс жүлдегер атанса, Олжас Климин финалда бақ сынады. Ілияс Исабек пен Владислав Ковалев жартылай финалдан әріге аса алмады.
Әйелдер арасындағы спринт бәсекесінде Мария Люфт пен Ксения Шалыгина жартылай финалда, Дарья Ряжко мен Надежда Степашкина финалда жеңіліп қалды.
Тау шаңғысы
Бұл жарыста Мария Шкабарова мен Ксения Бережная 9 және 10-орыннан көрінсе, Александра Скороходова мен Александра Троицкая жарысты аяқтай алмады.
Шайбалы хоккей
Қазақстан ерлер құрамасы кезекті матчта Жапонияны 4:1 есебімен тізе бүктірді.