"Игроманка" фильмінің түсірілімі аяқталды

3 Желтоқсан 2024, 10:23
200
Бөлісу:
"Игроманка" фильмінің түсірілімі аяқталды
Фото: "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" КеАҚ

2025 жылы "Игроманка" толық метражды фильмі көрермен назарына ұсынылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Фильмде басты кейіпкер Жұлдыздың ішкі жан дүниесіндегі күрделі дағдарысты көрсетеді. Жұлдыз – орта жастағы қазақ әйелі, оның құмар ойынға тәуелділігі өзін тұтастай жоғалтудың шегіне әкеледі. Мансабын, отбасын, жеке басын тәуекелге тігіп, бәрінен айырылады. Бірақ мәжбүрлі реабилитация кезінде Жұлдыз өз дертін мойындап, өмірге қайта оралу үшін әлі де күш-қуаты бар екенін аңғарады.

Бұл жоба Қазақстанда кең таралған маңызды мәселені көтереді: бейресми деректерге сүйенсек елімізде 500 мыңнан астам құмар ойынға тәуелді адам бар. Фильмнің продюсерлері осы тақырып бойынша ауқымды зерттеу жүргізеді. Лудоманияның құрбаны болған адамдардың өмірін талдап, осы тәуелділіктің түрімен күресе білген жандармен кездесу өткізеді. Кездесу барысында әр адам өз тәжірибесімен бөліседі. 

Сонымен қатар, құмар ойыншылармен жұмыс істейтін кәсіби психологтардың консультациялары сценарий жазу мен кейіпкерлердің бейнесін жасауда көмектеседі. 

Түсірілім екі маусымға жалғасқан. Қыс пен жаз айын қамтыған. Астанадан бөлек түсірілім жұмыстары Ақмола облысындағы Бурабай ауылы және Ұрымқай елді мекеніндегі табиғат аясында жүргізілген. Фильмнің түсіріліміне киноиндустрияда көп жылдық тәжірибесі бар 75-тен астам талантты маман қатысқан. Режиссері – Алдияр Байракимов, қоюшы-оператор – Азамат Жанабеков.

Кез келген тәуелділік адам болмысын жойып, оның өмірін басқаруға кіріседі. Лудоманиямен ауыратын адам таңдау еркіндігінен айырылады, шынайы құндылықтар бір сәттік ләззатпен алмастырылады. Шын мәнінде, тәуелді адамдар өз еркімен түскен тұзақта жатады, бірақ оны түсінгеннен кейін, олар бұл тұзақтан өздігінен шыға алмайды. Осы сәтте олар көмек сұрауы керек, бірақ көпшілігі дерлік бұған дайын емес. Бұл жерде кінә, ұят, жалғыздық, қорқыныш пен үмітсіздік сезімдері қатты әсер етіп, олар аурумен жалғыз күресемін деп шешім қабылдайды. Бірақ бұл өзін-өзі алдау, ең дұрыс шешім – реабилитациялық орталыққа мамандарға жүгіну, – деді фильмнің бас продюсері Ардақ Қасымбек.

Фильмнің премьерасы 2025 жылдың көктеміне жоспарланға. Фильм мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" КеАҚ қолдауымен түсірілген.

Өзгелердің жаңалығы