Алматылық Сая Қыдырәлі 17 жасында IELTS емтиханынан 9.0 ұпай алып, ерекше нәтижеге ие болған тұңғыш қазақ қызы атанды. Әлемде мұндай нәтижеге тест тапсырушылардың ілуде біреуі ғана қол жеткізе алады. Осы ретте 9 жасынан бастап ағылшын тілінде сабақ беріп, 11 жасында IELTS-тан жоғарғы көрсеткіш көрсеткен Сая Қыдырәлімен BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасты.
— Сіздің ағылшын тілін 6 жасыңыздан бастап үйрене бастағаныңызды естідік. Осы жайлы айта кетсеңіз.
- Иә, мен ағылшын тілін 6 жасымнан бастап үйрене бастадым. Ол кезде мен үшін ағылшын тек мектеп пәні емес, үлкен қызығушылық болды. Анам менің білімге деген құштарлығымды байқап, маған қолдау көрсетті. Сол уақытта мен тек жаңа сөздерді жаттаумен шектелмей, ағылшынша ойлауға, сөйлеуге тырыстым. Біртіндеп бұл әдетке айналып, өзімді осы тілде еркін сезіне бастадым.

— Ағылшын тілін үйренудегі дұрыс методика деген қалай? Оны оқушылар мен жастар өздігінен оқып, үйрене ала ма?
- Дұрыс методика – бұл тілді күнделікті өміріңнің бір бөлігіне айналдыру. Тек грамматикалық ережелерді жаттап қана қоймай, ағылшын тілінде ойлау, тыңдау, сөйлеу және жазу қабілеттерін дамыту өте маңызды. Оқушылар өздігінен үйрене алады, бірақ жүйелі жоспар мен дұрыс әдістеме болмаса, көп уақытын жоғалтуы мүмкін. Сондықтан мен өз мектебімде нәтижеге бағытталған, тиімді әдістерді қолданамын.
— 11 жасыңызда IELTS-тан 6,5 алған екенсіз бұл тамаша көрсеткіш. Бұдан кейінде IELTS тапсырып 8, 8,5 алғансыз. Дайындығыңыз жайлы айта кетсеңіз. Қалай дайындалдыңыз?
- IELTS-ке дайындық барысында мен әр
секцияны терең зерттеп, оның логикасын түсінуге тырыстым. Көптеген оқушылар жай ғана тест сұрақтарын шешіп дайындалса, мен стратегиялық тұрғыда жұмыс істедім: тыңдау жылдамдығын арттыру үшін подкасттар тыңдадым, академиялық эсселер жазып, сөздік қорымды үнемі кеңейтіп отырдым. Менің басты әдісім – нақты мақсат қою және оған жүйелі түрде қадам жасау.

— 14-15 жасыңызда ағылшын тілін үйрететін орталық, үйірме аштыңыз бұл ой қайдан келді? Кімдерге, қалай сабақ бердіңіз?
- Бұл ой маған өзімнің алғашқы оқушыларымды оқытқаннан кейін келді. Достарым менің әдістерімнің тиімді екенін байқап, өздері де үйренгісі келді. Бірте-бірте сұраныс артты, мен бұл істі кәсіби деңгейге көтеру керек екенін түсіндім. Алғашында жеке сабақтар өткіздім, кейін шағын топтар құрдым. Сабақтарым әрдайым интерактивті, қызықты өтті, себебі мен оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын оятуға тырыстым.
— Ағылшын тілін еркін меңгерудің жеңіл әрі оңай жолдары бар ма? Күнделікті қанша сөз жаттаған абзал?
- Ағылшын тілін жеңіл меңгерудің ең тиімді жолы – оны күнделікті өмірге енгізу. Кітап оқу, фильм көру, ағылшын тілінде сөйлесу, ойлау – осының бәрі үлкен әсер етеді. Ал сөз жаттауға келер болсақ, бастысы – сан емес, сапа. Күніне 10 сөзді толық контексте үйренсеңіз, олар есте жақсы сақталады.
— 11-сыныпта оқитыныңызды білдік, болашақта қандай ЖОО-на түсіп, не істеу ойыңызда бар?
- Қазір мен үшін ең маңыздысы – білімімді әрі қарай жетілдіру және жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Әзірге қай университетке түсетінім туралы нақты шешім қабылдамадым, бірақ маған халықаралық деңгейде білім алу қызықты. Болашақта ағылшын тілі саласында жаңа жобалар жасап, оқу жүйесін жетілдіруге үлес қосқым келеді. Сонымен қатар, өзімнің білім беру орталығымды дамытып, оны ең тиімді IELTS мектебіне айналдыру – менің басты мақсаттарымның бірі.

— Елімізде жастардың, оқушылардың ағылшын тілін меңгеру, үйрену қарқыны қандай?
- Соңғы жылдары ағылшын тіліне деген сұраныс айтарлықтай өсті. Көптеген жастар шетелде оқуды армандайды, сондықтан IELTS және басқа да халықаралық емтихандарға дайындалуға ынталы. Бірақ ең басты мәселе – дұрыс әдістеменің жетіспеуі. Көп оқушылар тек емтихан үшін оқып, практикалық қолдануға мән бермейді. Сондықтан біздің мақсат – оларға тілді толық меңгеруге көмектесу, тек тест тапсыру емес, оны өмірде де пайдалана білуге үйрету.
— Қазіргі таңда орталықта қанша бала білім алады? Олардың да IELTS тапсырып, жоғары деңгей көрсетіп жатқанын естідік, осы жайлы айта кетсеңіз.
- Қазір біздің орталықта жүздеген студент білім алып жатыр, олардың ішінде IELTS-тан 8.0–8.5 балл алған оқушыларымыз бар. Бұл – біздің оқу жүйеміздің тиімділігінің дәлелі. Менің оқушыларымның жетістіктері – мен үшін ең үлкен мотивация. Олар жоғары балл алып, шетелдік университеттерге түсіп жатқанын көргенде, өз ісімнің қаншалықты маңызды екенін түсінемін.
— Сіздің анаңызға үй алып бергеніңізді әлкуметтік желідегі парақшаңыздан көрдік, қандай сезімде болдыңыз? 17 жаста осындай жетістікке жетуге үлкен табандылық керек болғаны анық қой.
- Бұл мен үшін ең маңызды жетістіктерімнің бірі. Анам менің әр қадамымда қолдау көрсетіп, маған сенім артты. Сондықтан мен оның еңбегін ақтап, оған осындай сыйлық жасағым келді. Бұл менің алғысымның кішкентай ғана белгісі. Осындай сәттерде барлық қиындықтар мен түнгі ұйқысыз дайындықтардың бекер болмағанын түсінесің.

— Сізге ең алғаш ағылшын тілін үйреткен анаңыз екенін білеміз, ата-ананың баланың білім алуындағы орны қандай? Бала білімді болуы үшін ата-ана тарапынан қандай көмек көрсетілу керек?
- Ата-ананың рөлі өте маңызды. Менің анам менің алғашқы мұғалімім болды, ол маған тек тілді ғана емес, оны қалай үйренуге болатынын да үйретті. Бірақ ең бастысы – ол менің оқуға деген қызығушылығымды қолдап, жігерлендірді. Ата-аналар балаларына білім беруді тек мұғалімдерге немесе курстарға тапсырып қоймай, олардың дамуына белсенді араласуы керек. Мысалы, бірге кітап оқу, жаңа нәрселерді үйренуге ынталандыру – бұның бәрі үлкен көмек.
— Оқушылар мен жастарға айтар ақылыңыз қандай?
— Ең бастысы – өзіңе сену. Көп адам өз мүмкіндіктерін шектеп, үлкен жетістіктерге жете алмаймын деп ойлайды. Бірақ менің тәжірибем көрсеткендей, егер сен нақты мақсат қойып, оған жүйелі түрде ұмтылсаң, бәрі мүмкін. Оқудан, қателесуден қорықпаңыздар. Әрбір сәтсіздік – бұл жаңа мүмкіндік. Және ең бастысы – өз армандарыңыз үшін табанды болыңыздар!
- Әңгімеңізге рахмет!