Талғардағы «Хуторские» атты қылмыстық топтың жетекшісі болуы мүмкін деген күдікті Хасан Қасымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, биыл 2 қараша күні Хасан Қасымбаев 2021 жылы маусымда А. есімді азаматты ұрлап, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталды.
Жоғарыда аталған қылмыстық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен 2024 жылғы 2 қарашада Хасан Қасымбаев қамауға алынды. Қылмыстың барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз ету мақсатында жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада.
Іс материалдары бұлтартпау шарасын қолдану үшін сотқа жіберілді. Тергеу барысы облыстық полиция департаментінің бақылауында.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше, яғни 4 қарашада Алматы облысының полициясы Хасан Қасымбаевты қамауға алғаны белгілі болды. Оның ұсталуына қатысты полиция қосымша деректермен бөлісті.
Кейіннен қамауға алынған Хасан Қасымбаевтың анасы мен туыстары үндеу жасады.