- Мұқаба
- Жаңалықтар
- «Халықтық құрылыс» бағдарламасына отандық бизнесті көбірек тарту керек – Еркін Әбіл
«Халықтық құрылыс» бағдарламасына отандық бизнесті көбірек тарту керек – Еркін Әбіл
Сарапшы Еркін Әбіл қазақстандық бизнестің үлесін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және мемлекеттік тапсырыстарды шағын және орта бизнеске қолжетімді ету мәселелеріне назар аударды.
2 Қараша 2026, 17:51
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы шешімді уақытылы қабылданған қадам деп санайды. Әсіресе алдағы уақытта инфрақұрылымға қомақты инвестиция салынатынын ескерсек, мұндай бақылаудың маңызы зор. Бұл туралы ол BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру кезінде бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейту қажеттігін мәлімдеген болатын. Президент осы мақсатта бейінді ведомстволардың басшылары, Құрылтай және мәслихат депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер мен журналистер кіретін мемлекеттік комиссия құруды ұсынды.
Сарапшының пікірінше, алдағы инфрақұрылымдық жобалардың ауқымын ескерсек, комиссия құру – дер кезінде қабылданған шешім.
Әңгіме Ұлттық қордан бөлінетін 6,5 триллион теңге туралы болып отыр. Бұл – Қазақстан халқына тиесілі қаражат екенін атап өткім келеді. Сондықтан қоғам оның барынша тиімді жұмсалуын талап етуге құқылы, – деді Еркін Әбіл.
Оның айтуынша, бақылау екі негізгі бағытты қамтуы керек. Біріншісі – қаражаттың ашық әрі тиімді жұмсалуын қадағалау. Бұған сметалардың негізділігі, мемлекеттік сатып алулардың бәсекелестік ортада өтуі, құрылыс мерзімдері мен нысандардың сапасы жатады. Екіншісі – инвестициялардың отандық экономиканың дамуына ықпалын бағалау.
Инфрақұрылым нысандарының құрылысы материалдарға, жабдықтарға, көлік және басқа да қызметтерге үлкен сұраныс қалыптастырады. Мәселе – осы сұраныстың қандай бөлігін қазақстандық кәсіпорындар қамтамасыз ететініне байланысты, – деп атап өтті профессор.
Сарапшының сөзінше, егер бөлінген қаражаттың едәуір бөлігі импортқа жұмсалса, ел жаңа нысандарға ие болғанымен, отандық өндірісті дамыту, жұмыс орындарын ашу және салық түсімдерін арттыру мүмкіндігінен айырылады.
Мемлекет басшысы да Ұлттық қордан ірі инфрақұрылымдық жобаларға бөлінетін қаражат есебінен отандық өндірістің тауарларын сатып алу қажеттігіне назар аударған болатын.
Еркін Әбіл бағдарламаны жүзеге асыруға шағын және орта бизнесті тартудың да маңызын атап өтті.
Ірі мемлекеттік тапсырыстардың аз ғана мердігердің қолында шоғырланып, шағын және орта бизнестің назардан тыс қалмауы да маңызды. Жолдауда бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінді. Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясындағы құрылыс жұмыстары мен жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық базасы және тәжірибесі бар жергілікті шағын және орта бизнесті тарту қажеттігін атап өтті, – деді ол.
Осыған байланысты Еркін Әбіл қоғамдық мониторинг аясында нақты көрсеткіштерді бақылауды ұсынды. Олардың қатарында сатып алынатын материалдар, жабдықтар, жұмыстар мен қызметтердегі қазақстандық қамту үлесі, отандық мердігерлер мен қосалқы мердігерлердің қатысуы, шағын және орта бизнеске берілген тапсырыстар көлемі, сондай-ақ қазақстандық жұмысшыларды тарту көрсеткіштері бар.
Бұл ретте отандық өндірушілердің нақты қатысуын бағалау қажет. Мердігер ұйымның Қазақстанда тіркелгеніне ғана қарап қорытынды жасауға болмайды, – деп атап өтті сарапшы.
Оның пікірінше, жергілікті еңбек ресурстарын пайдалану мен қазақстандықтар үшін тұрақты жұмыс орындарын құруға да ерекше назар аудару керек. Мердігерлер шығынды азайту мақсатында жалақысы төмен шетелдік жұмыс күшін тартуға басымдық бермеуі қажет.
Еркін Әбіл Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері бұған дейін инфрақұрылымдық жобаларға өңірлерде тікелей қоғамдық мониторинг жүргізу тетіктерін дамыту туралы ұсыныс жасағанын да еске салды. Сарапшының пайымынша, бұл бастама құрылатын комиссияның міндеттерімен үндеседі.
Әсіресе жобаларды жоспарлау және сатып алуларды қалыптастыру кезеңіне баса назар аудару керек. Өйткені дәл осы уақытта қазақстандық кәсіпорындардың мемлекеттік тапсырыстарға қол жеткізуіне әсер ететін шарттар айқындалады, – деп түсіндірді ол.
Сарапшы ауқымды мемлекеттік инвестициялардың макроэкономикалық салдарына да назар аударды.
Ішкі өндіріс жеткілікті деңгейде өспей, экономикаға қомақты қаражат құю инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін. Сондықтан отандық кәсіпорындардың инфрақұрылымдық жобаларға қатысуын ішкі тауарлар мен қызметтер өндірісін ұлғайту тұрғысынан да қарастыру қажет, – дейді профессор.
Еркін Әбіл бағдарламаның тиімділігін тек игерілген қаражат көлемімен бағалауға болмайтынын айтты. Оның пікірінше, басты назар нақты нәтижелерге аударылуы керек.
Менің ойымша, «Халықтық құрылыстың» тиімділігін бағалайтын басты өлшем – бюджеттің қанша пайызы игерілгені емес, нақты нәтиже болуы керек. Яғни салынған нысандар, қазақстандық кәсіпорындарға берілген қосымша тапсырыстар, ашылған жұмыс орындары және өңірлердегі өндіріс көлемінің өсуі маңызды, – деді ол.
Сөз соңында сарапшы мемлекеттік инвестициялар елдің ұзақ мерзімді дамуына қызмет етуі керектігін атап өтті.
Халықтың қаражаты Қазақстан экономикасын дамытуға және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға жұмыс істеуі керек, – деп түйіндеді Еркін Әбіл.
Ең оқылған:
- Астанада көлігіне балағат сөз жазған жүргізуші 10 тәулікке қамалды
- Астанада 5–7 қараша күндері көлік қозғалысы шектеледі
- Дастан Сәтбаев жарақатына байланысты «Бернли» сапынан тағы да шығып қалды
- Гүлісхан Нахбаева: Адами капиталға салынған инвестиция – Қазақстанның болашағына салынған инвестиция
- 1 қарашаға арналған валюта бағамы жарияланды
Жанерке Жәкен