Дала демократиясы мен дала құқығының қағидаттары Қазақстанның жаңа Конституциясында көрініс тапты. Бұл туралы Негізгі заңды жүзеге асыру және мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылына арналған дөңгелек үстелде Халықаралық заңгерлер қауымдастығының бас директоры, профессор Марат Башимов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Конституцияның кіріспесінде қазақ халқының ғасырлар бойғы тарихы, ел тағдыры үшін жауапкершілік, оның егемендігі мен тәуелсіздігі, сондай-ақ адам құқықтарын құрметтеу қағидаттары көрініс тапқан.
Башимов мемлекет пен қоғамның өзара байланысының маңызы ерекше екенін атап өтті. Себебі қоғамдық бірлестіктер түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін білдіреді. Сонымен қатар олардың қызметі Конституцияның негізгі қағидаттарына сәйкес болуы тиіс.
Дала демократиясы, құқық мәселелері, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы – ең маңызды мәселелердің бірі. Қоғамдық бірлестіктер азаматтардың бірігу құқығын жүзеге асыру бағытында жұмыс істеуі керек. Олар белгілі бір әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіреді, ал бұл мүдделер Конституция қағидаттарымен үйлесуі қажет, – деді ол.
Башимов Жаңа Конституцияның негізгі ережелері қатарында адам құқықтарының үстемдігін, тәуелсіздік пен жауапты патриотизм қағидаттарын атады.
Марат Башимовтің айтуынша, Конституция елдің ғасырлар бойғы тарихымен сабақтас және халық егемендігі қағидатын бекітеді.
Бүкілхалықтық референдумсыз Конституцияға ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Бұл өте маңызды. Сондықтан халықтың дауысы естілуі керек. Ең бастысы – ол еліміздің және балаларымыздың болашағының игілігіне қызмет етуі тиіс, – деп қорытындылады Марат Башимов.
Айта кетейік, бұған дейін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Жаңа Конституцияның маңызы оның іс жүзінде орындалуымен айқындалатынын айтқан еді.
Сондай-ақ, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева Жаңа Конституцияның өзегінде адам және азаматтық қоғам тұрғанын мәлімдеді.