Заңгерлер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және сарапшылар қауымдастығы жаңа күшіне енген Қазақстан Конституциясын жүзеге асыру мәселелерін, сондай-ақ оның ережелерін түсіндірудегі азаматтық қоғамның рөлін талқылау үшін дөңгелек үстелге жиналды. Іс-шараға Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол жиын барысында Неліктен Жаңа Конституцияны «халықтық» деп атайтынын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл тек Негізгі заңның бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдануымен ғана байланысты емес.
Конституциялық реформаның басты мәні – адамның бүкіл мемлекеттік жүйенің негізгі өзегіне айналуында. Қазіргі Конституция ең алдымен адамға бағдарланған қағидатты ұсынады, яғни орталықта адам тұр. Екіншісі – азаматтық қоғамды дамыту, – деді Бану Нұрғазиева.
Ол Конституцияны қабылдаудың өзі жеткіліксіз екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Негізгі заң азаматтар онда бекітілген нормаларды, құқықтар мен бостандықтарды пайдалана бастағанда ғана толыққанды жұмыс істейді.
Конституцияны қабылдау аздық етеді, оны іс жүзінде жүзеге асыру қажет. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы осы Конституцияны білуі, онда белгіленген құқықтары мен бостандықтарын пайдалануы тиіс, – деді спикер.
Оның пікірінше, бұл бағыттағы жұмыстарда үкіметтік емес ұйымдарға ерекше рөл жүктеледі. Нұрғазиева азаматтық қоғам өкілдері Конституция күшіне енгеннен кейін қазақстандықтар үшін қандай жаңа мүмкіндіктер пайда болғанын халыққа түсіндіруі керек деп санайды.
Сондай-ақ ол Қазақстан Халық Кеңесі конституциялық мәртебесіне жеке тоқталды. Бану Нұрғазиева жаңа органға заң шығару бастамасы құқығы берілгенін атап өтті.
Халық кеңесінің заң шығару бастамасы құқығы бар. Бұған дейін мұндай құқық Президентке, Үкіметке және Парламент депутаттарына тиесілі болатын. Енді Халық кеңесі де халықтың басым бөлігіне қажетті заң жобаларын ұсына алады, – деді Қазақстан Азаматтық альянсының президенті.
Оның айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесінің мәртебесін арттыру азаматтық қоғамның халықтың мүддесіне қатысты шешімдерді талқылауға және қалыптастыруға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.
Айта кетейік, бұған дейін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Жаңа Конституцияның маңызы оның іс жүзінде орындалуымен айқындалатынын айтқан еді.