"Халықтан қашпаңыздар": Зайытов меморгандар жұмысын сынады

18 Қыркүйек 2024, 12:12
389
Бөлісу:
"Халықтан қашпаңыздар": Зайытов меморгандар жұмысын сынады
Фото: Арман Мухатов - архив

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мемлекеттік органдардың жұмысын сынап, Бас прокурорға сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында астын сызып тұрып айтатын тапсырмаларының бірегейі ол – «ашықтық пен әділеттілік». Бірақ, сол мақсатты іске асыруға Үкімет мүшелері мен өзге мемлекеттік органдары мардымсыз жұмыс жасап отырғанына күн сайын көзіміз жетеді. Парламент Мәжілісі халықпен тікелей байланыста болғандықтан жұма сайын жұрттың арызын тыңдап, өтініштерін қабылдайды. Солардың басым көпшілігі - белгілі бір ведомство басшысының қабылдауына кіру. Себебі өңірлердегі және алып мегаполистердегі шолақ белсенді, орташа деңгейдегі қызметкерлердің «өзім білемдікке» салып заң бұзуы азаятын емес. Оған мысалымыз да, дәлеліміз де жетіп артылады, - дейді ол.

Зайытовтың сөзінше, меморгандар халыққа ашық емес.

Бұған тоқтау қоятын Бас прокуратура, Жоғарғы Сот пен министрлердің есігі халық келгенде бір ашылған емес. Бұл қалай? «Естуші Үкімет» қағидатын ұстануды тапсырған Мемлекет басшысының сөзі ескерілуге де татымағаны ма? Заң тілімен айтқанда, ҚР ӘРПК 90-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары және олардың орынбасарлары тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті, - деп түсіндірді мәжілісмен.

Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында ҚР Жоғарғы Соты төрағасының азаматтарды жеке қабылдау міндеті көзделеді (20-баптың 1-тармағының 10) тармақшасы).

Өкініштісі сол. Бұл заңдарды орындауда мемлекеттік органдар салғырттық танытып отыр. Сонда, жалғыз баласы жаламен сотталған ана, жарының жұмбақ қазасы, жылдап тергелмеген әйел, әскердегі ұлы мүгедек болып қалған әке, кәсібінен заңсыз айырылған кәсіпкер, жалғыз баспанасы алаяқтарға қолды болған отбасы, сот шешімін орындата алмай жүрген жәбірленушілер т.с.с. мыңдаған қорғансыз халық әділдікті қайдан таппақ? Білсеңіздер айтыңыздаршы! Қазақта: «Байды құдай ұрарда – байлығына мас болар, Биді құдай ұрарда – бұқараға қас болар» - деген ескерту бар. Халықтан қашпаңыздар, - деп айтты Ринат Зайытов сауалында.

Ол жоғарыда аталған лауазымды тұлғалар мен халықтың арасында кедергісіз байланыс орнату жолдарын қарастыруларыңызды және азаматтардың арыздары сырғытпа жауап деңгейінде қалмауын қадағалау жүйесімен қамтамасыз етуді, тіпті болмаса, депутаттардың есігі көрінбейтін кабинеттерге елдің өтінішін жеткізуге мүмкіндік беруді талап етті.

Зайытов еліміздегі азаматтардың заңды талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін орган ретінде Бас прокуротура тарапынан аталған мәселелерде табандылық танытуды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы