Астанада 21-ші Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталды. 15 мемлекеттен келген үздік оқушылар математика, физика және информатика пәндері бойынша сынға түсуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Олимпиаданың ашылу салтанатында ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева сөз сөйледі. Ол қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, дарынды жастарды анықтау мен қолдауда осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Жәутіков олимпиадасы оқушылардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға ғана емес, Қазақстандағы білім берудің мәртебесін арттыруға да ықпал ететініне сенемін, — деді Наталья Жұмаділдаева.
Сондай-ақ, Олимпиаданың қазылар алқасы төрағасы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев қатысушыларға өз тілегін білдірді. Өз сөзінде ол Жәутіков олимпиадасы әр елдің ең қабілетті оқушылары арасында білім, тәжірибе және идеялар алмасатын бірегей алаң екенін атап өтті.
Бұл тапсырмалар тек білімді тексеріп қана қоймай, сыни ойлауға, шығармашылық шешімдер табуға және ғылымды өмірде қолдануға үйретеді. Сіздерге сенімділік, сәттілік және жаңа жетістіктер тілеймін!, — деді Асқар Жұмаділдаев.
Байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Түркия, Грузия, Болгария, Румыния, Сербия және Моңғолия елдерінен 700-ге жуық қатысушы келді.
Олимпиада бес күнге созылып, жеңімпаздар 17 қаңтар күні анықталады. Доданың қорытындысы бойынша жеке рейтинг, сонымен бірге мамандандырылған мектептердің мықты командаларының рейтингі шығарылады. Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар беріледі.