Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған көпвекторлы және прагматикалық сыртқы саясат елдің халықаралық беделін нығайтып, Таяу Шығыс мемлекеттерімен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерді. Қазақстанның саяси тұрақтылығы, инвестициялық тартымдылығы және Еуразиядағы маңызды көлік тораптарының бірі ретіндегі рөлі оны Парсы шығанағы елдері үшін сенімді әрі ұзақмерзімді стратегиялық серіктеске айналдырып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда қалыптасып жатқан жаңа серіктестік үлгісі тек экономикалық пайдамен шектелмейді. Ол өңіраралық қауіпсіздік, тұрақтылық және ірі геосаяси ойыншылар арасындағы тепе-теңдікті сақтауда да маңызды факторға айналуда. Осы тұрғыда Қазақстан мен Таяу Шығыс арасындағы ынтымақтастықтың болашағы, оның ішінде инвестиция, логистика және энергетика салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті ерекше қызығушылық тудырады. Осы мәселелер жөнінде БАӘ-лік сарапшы Обаид Ахмед Әли Әлзааби өз көзқарасымен бөлісті.
– Қазақстан неге Таяу Шығыстың Орталық Азияға қатысты саясатында ерекше орын алады? Географиясы, дипломатиялық ұстанымы және өңіраралық байланысты дамытудағы рөлі тұрғысынан бұл қалай көрінеді?
– Қазақстан бізге әрдайым жылы әрі достық қарым-қатынас танытып келеді. Бұл ұзақ мерзімді әріптестік екі тарап үшін де өзара тиімді болып, табиғи түрде қалыптасты. Елдердің әлеуметтік және экономикалық дамуына қарай бұл байланыс одан әрі нығая түсті.
– Орталық Азия елдері мен Таяу Шығыс арасындағы соңғы келісімдер Қазақстанды ұзақ мерзімді негізгі серіктес ретінде қалыптастыра ала ма?
– Қазақстан өңірдегі басты серіктес ретінде қарастырылады. Бұл, ең алдымен, оның аймақтағы салыстырмалы күш-қуатына байланысты. Қазақстанның әлеуеті жоғары болғандықтан, ол табиғи түрде негізгі әріптеске айналып отыр.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты Қазақстанға Таяу Шығыстан келетін инвестициялар, энергетика және логистика салаларындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға қаншалықты жол ашуда?
– Тоқаевтың басшылығымен БАӘ тарапынан 4,3 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды және қосымша 5 миллиард доллар инвестиция салу жөнінде келісім бар. Ол Парсы шығанағы елдерінің Қазақстанға инвестиция салуына кең мүмкіндіктер ашты. Сонымен қатар Катар да ірі көлемде қаржы құйып отыр және бұл үрдіс жалғасуы ықтимал.
– Логистика, жаңартылатын энергия, «жасыл» технологиялар және Орта дәліз бағытындағы ынтымақтастық тек экономикалық емес, стратегиялық артықшылықтар да бере ала ма?
– Әрине. Мысалы, DP World компаниясы Қазақстанда әлемдегі ең ірі құрғақ доктардың бірін басқарады. Бұл – біздің қазірдің өзінде белсенді түрде қатысып отырған маңызды бағыттарымыздың бірі.
– Жаһандық және өңірлік тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның сыртқы саясаты оны Таяу Шығыс үшін сенімді әріптес әрі Еуразиядағы маңызды ойыншы ретінде күшейтіп отыр деуге бола ма?
– Иә, бұл пікірмен келісемін. Қазіргі таңда Еуропада соғыс жүріп жатыр, ал Таяу Шығыстың өзі де тұрақсыз аймақтардың бірі. Осындай жағдайда Қазақстанның тұрақтылығы өте тартымды фактор болып отыр. Сонымен қатар ел тұтыну нарығы ретінде де қарқынды дамуда. Ұзақ мерзімде Қазақстанның Қытай және Ресеймен ықпалдасу деңгейі оның болашақтағы рөлін айқындайды, өйткені бұл екі ел де Парсы шығанағы аймағына ықпал ететін маңызды ойыншылар.