Қазақстанда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттердің халықаралық есірткіге қарсы операциясы аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.
Арнайы операция нәтижесінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында 900-ден астам есірткі қылмысы анықталды. 2,5 тонна есірткі тәркіленді. Оның ішінде: 19,5 кг героин, 856 кг апиын, 560 кг гашиш, 240 кг марихуана және 248 кг «синтетика». 2800-ге жуық оқ-дәрі мен 48 қару табылды және тәркіленді. 5 нарколаборатория таратылды. Жауапкершілікке 561 адам тартылды, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Сонымен қатар ел аумағында операцияға Ұлттық Ұланның тікұшақ техникасы, пилотсыз ұшу аппараттары және жүріп өту мүмкіндігі жоғары автокөлік жұмылдырылған.
Есірткіні тасымалдау жолдары мен арналарын жабу үшін бірлескен мобильді топтар құрылды. Қазақстанның құқық қорғау және арнаулы органдармен 94 қылмыстық іс қозғады. Оның ішінде 17 фактісі контрабанда бойынша қылмыс. Заңсыз айналымнан 455 кг түрлі есірткі, оның ішінде 53 гр героин, 173 кг марихуана, 2,2 кг гашиш, 18 кг синтетика тәркіленді. 3 есірткі зертхана жойылды. 147 адам жауапкершілікке тартылды, - деді Шұғыла Тұрлыбек.