Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында халықаралық байқаушылар Қазақстанның дамуы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алғаш рет Қазақстанға 25 жыл бұрын келген болатынмын. 25 жыл бойы Қазақстанның қарқынды дамуын көріп жатырмын. Бұл даму қалаларға ғана емес, демократияға да байланысты. Осындай қысқа мерзімде, 30 жылда экономикалық даму жолын өтіп, өзінің дәстүрлерін сақтаған елдер көп емес, - деді Мажарстан мемлекеттік жиналысының депутаты Шандор Ковач.
Словак Республикасы Халық Радасының депутаты, Еуропалық істер комитеті төрағасының орынбасары Петер Кмец Қазақстан энергетика саласында маңызды ойыншыға айналып келе жатқанын атады.
Қазақстан – Орталық Азиядағы өте маңызды мемлекет, Еуропалық одақпен қарым-қатынаста геосаяси тұрғыдан маңызды ойыншы. Мысалы, қазір Еуропалық одақпен энергетика саласында қарқынды байланыстар жүргізіліп жатыр. Өйткені Қазақстан осы салада мықты ойыншыға айналып келеді, - деді ол.
Сондай-ақ Петер Кмец елді демократизациялауға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Ал Румыния Парламентінің депутаты, Қазақстан – Румыния Парламентаралық достық тобының мүшесі Борис Волосатый өз сөзінде сайлау учаскесінде кездестірген қазақстандықтың сөзі бүгінгі сайлаудың мән-маңызын айқындап тұрғанын жеткізді.
Бүгін таңертең сайлау учаскесінде бірінші кездестірген адамның сөздерін айтып өтейін. «Сіз не нәрсеге дауыс бердіңіз?» деп сұрағанымда ол мүдірместен демократиялық және еркін Қазақстан үшін таңдауын жасағанын айтты, - деді ол.