Халықаралық ауыр атлетика федерациясының делегациясы Қазақстан ҰОК кеңсесіне келді

Бүгiн, 05:12
125
Бөлісу:
Халықаралық ауыр атлетика федерациясының делегациясы Қазақстан ҰОК кеңсесіне келді
Фото: olympic.kz

Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Мұхаммед Джалуд әл-Шаммаридің басшылығымен делегация Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетімен (ҰОК) кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ресми шара Астана қаласындағы Қазақстан ҰОК-нің штаб-пәтерінде өтті.

Кездесуге сондай-ақ, Бахрейн ауыр атлетика федерациясының басшысы әрі ҰОК-ның вице-президенті Исхак Ибрагим Исхак Абдулрахман, Қазақстан ҰОК-нің бас хатшысы Әлімжан Ақаев, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық антидопинг орталығының (KazNADC) директоры Майра Бақашева қатысты.

Мұхаммед Джалуд әл-Шаммари Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы жетістіктерін атап өтіп, әлемдік деңгейдегі жоғары бәсекелестік пен қазақстандық спортшылардың көрсеткен әсерлі нәтижелеріне тоқталды.

IWF делегациясы Қазақстан Ұлттық антидопинг орталығының жұмысына ерекше назар аударды. Майра Бақашева допингті қолданудың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі баяндады. Оның ішінде жас спортшыларға арналған білім беру семинарлары, тыйым салынған заттарды қолданудың салдарын талқылау, сондай-ақ спорттық тағам сапасын бақылаудың маңыздылығы қамтылған.

Кездесуде ынтымақтастықты одан әрі дамыту жоспарлары талқыланды. Негізгі бағыттардың қатарында халықаралық жарыстарды ұйымдастыру, спортшыларды кешенді турнирлерге дайындау және ауыр атлетиканы дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру бар.

Өзгелердің жаңалығы