Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметте өткен брифинг барысында халық табысының өспеуіне қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, мемлекет бұл бағытта бірқатар шараны қарастырып жатыр.
Ең алдымен, бұл – халықты тиімді жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар. Өндірісті дамыту, нақты секторды несиелеуді кеңейту, жоғары жалақы төленетін жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі бар. Халық табысының шамамен 77 пайызын жалақы құрайды. Тағы бір бағыт – әлеуметтік көмекті оңтайландыру. Сонымен қатар ең төменгі жалақыға қатысты мәселелерді, бюджеттік сала қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерге байланысты жобаларды қарап жатырмыз. Ірі компаниялармен тікелей жұмыс істеу, шағын және орта бизнесті қолдау, еңбекақы қорын «көлеңкеден шығару» мәселелері де қарастырылуда, – деп атап өтті вице-премьер.
Министр кейбір қазақстандықтар экономикалық өсімді халықтың нақты табысымен байланыстыратынын айтты.
Негізі бұл дұрыс түсінік. Бірақ мұның бәрі бір жылдық көрсеткішпен есептеледі. 2025 жылы мұнай секторында өндіріс көлемі 13,4 пайызға өсті. Алайда мұнай бағасы 14,4 пайызға төмендеді. Өндіріс көлемі артқандықтан ЖІӨ өсті. Бірақ оның экономикалық әсері аса үлкен болмады, сондықтан бұл жалақыға айтарлықтай әсер еткен жоқ, – деді министр.