Ұлттық банк қазақстандықтар арасында қолма-қол ақшаға сұраныс артқанын мәлімдеді. Мұны банк сауалнама нәтижесінде анықтаған. BAQ.KZ тілшісі экономист Бауыржан Ысқақтан бұған не себеп болып отырғанын және қолма-қол ақшаға көшу экономикаға қалай әсер ететінін сұрап көрді.
Сарапшының пікірінше, қолма-қол ақшаға көшу экономикаға кері әсер етеді.
Халық арасында қолма-қол ақшаға сұраныстың артқанын құптамаймын. Өйткені ол көптеген кері экономикалық әсер әкеледі. Ең бірінші кезекте, бұл экономиканың көлеңкелі тұстарынының көбеюіне алып келеді. Яғни азаматтар сауданы қолма-қол жүргізген кезде саудагерлер фискалды түбіртекті ұрмайды. Ал бұл мемлекетке түсетін салықтық базаның төмендеуіне алып келеді. Өйткені мемлекет бақылау жасай алмаған кезде ол транзакциялардың бақылауына түспей қалады. Осылайша фискалды органдар кәсіпкерлердің, шағын және орта бизнес субъектілерінің қандай табыс тауып жатқанын білмейді. Бұл көлеңкелі экономиканың өсуіне әсер етеді, - деп түсіндірді Бауыржан Ысқақ.
Екіншіден, азаматтардың қолма-қол ақша байланыстарын жүргізуінің тәуекелдері бар. Мысалы, азаматтар жасанды, жалған ақшалардың құрбанына айналып кетуі мүмкін. Сол себепті қолма-қол ақшаға көшудің экономикаға үлкен кері әсері бар.
Үшіншіден, азаматтардың қолма-қол ақшаға ауысуына ең алдымен мемлекетке салық төлегісі келмейтін кәсіпкерлердің, жеке тұлғалардың тұтынушылық сұраныстарын қанағаттандыратын дүкендердің, шағын және орта бизнес өкілдері мәжбүрлеп отыр. Олар азаматтардан мобильді қосымшаларсыз қолма-қол ақша сұрауының өзі осындай жағдайға жеткізіп отыр. Қазіргі Салық кодексіне байланысты "егер айына 100 мобильді аударым (100 түрлі адамнан – ред.) болса, онда азамат салықтық тексерудің объектісіне айналады" деген хабар шыққаннан бері қайтадан өзекті болып отыр.
Біз бірінші кезекте экономикадағы көлеңкелі тұспен күресу үшін оған халық болып атсалысуымыз керек. Біз өзіміз талап етуіміз керек. Мысалы, дүкеннен нан, сүт сияқты күнделікті тұтынатын тауарларды сатып алғанда, егер бізге фискалды түбіртек бермей, транзакция жасамаса, оны талап етуіміз қажет. Алған тауарымыздың базаға тіркелуін талап етуге тиіспіз. Сонда ғана халықтың арасында қолма-қолсыз ақшаға сұраныс артады, - дейді экономист.
Бауыржан Ысқақ шетелдік тәжірибені мысалға келтіріп, электронды төлемнің тиімді екенін айтты.
Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, әлемде дамыған мемлекеттердің көбі қолма-қолсыз есепке көшкен. Мысалы, Бельгияда жалпы тұтынушылық төлемдердің қолма-қолсыз есебінің үлесі 93%-ға жеткен. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Халықтың төлем жүйесінің тиімділігін арттыру - Бельгия үкіметінің негізгі талаптары. Тіпті олар бір айда 3000 еуроға дейін ғана қолма-қол ақша жарата алады. Яғни шектеу бар. Ал егер одан асып кететін болса, онда қолма-қолсыз болуы керек, - деп түсіндірді ол.
Ал Францияда халықтың 92%-ы қолма-қолсыз қаражатты пайдаланады. Мемлекет әртүрлі жобаларды, электрон төлемдерді енгізіп, төлем аудару жүйелерін жасаған. Осылайша Франция да халқының қолма-қолсыз төлемге көшуіне жағдай жасаған. Мысалы, Канадада да бұл көрсеткіш 90%. Міне осындай жақсы көрсеткіштер нәтижесінде ең алдымен халық қаражаттарының діттеген жеріне баратынын, екіншіден, мемлекет те әр жасаған төлемнің бақыланып отыратынын біледі.
Сарапшы бізде де осындай жұмыстар жасалып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қолға алынуы керек деп есептейді.