Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Бейімбет Майлин ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Альберт Рау мен Самат Акишев жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен жүздесті.
Депутаттар іссапары аясында Бейімбет Майлин ауданындағы «Ленинск» ЖШС-інде болды. Халық қалаулыларының аталмыш малшаруашылығы кешеніне баруының өзіндік себебі бар. Бұл нысан «Аманат» партиясының «Өзгеріс жолы: баршаға лайықты өмір!» деп аталатын сайлауалды бағдарламасы бойынша жол картасына енгізілген болатын. Аудандағы ірі «Ленинск» мал шаруашылығы кешені қолданыстағы ет өндірісін селекциялық және генетикалық орталық ретінде құрылып, заман талабына сай қызметі жанданып, тынысы кеңейі отыр. Атап айтар болсақ, бұл шаруашылық - өзі өндіретін шикізатты өңдеп, нарыққа тікелей шығуына жағдай жасалып отырған бірегей кәсіпорын.
«Ленинск» малшауашылығы кешенінің жобасын іске асыру өткен жылы басталды. Қазір кешен өз қызметін бастағанымен жоспардағы мал сою цехы жоқ. Яғни ет өңдеу саласы әлі іске асып жатқан жоқ. Қазір бізге жобамызды аяқтау үшін қаржылай қолдау қажет. Бұл мәселе шешіліп кетсе кешеннің алдағы жобалық қуаттылығы бойынша тәулігіне 2400 тонна өнім өндіруге дейін қауқары бар, - дейді «Ленинск» ЖШС бас директоры А.Злой.
Мәжілісмендер туындаған мәселелерді талқылап, жобаның толық жүзеге асуына қол ұштарын созуға уәде берді. Аталмын жоба толық іске асқанда 100 тұрақты жұмыс орны ашылады екен. Алдағы уақытта шаруашылық селекциялық-генетикалық орталықтың ғимараттарын салып бітіріп, асыл тұқымды алмастыратын жас малдар, технологиялық жабдықтар мен арнайы көліктер сатып алуды жоспарлап отыр.
Осылайша, жақын арада Бейімбет Майлин ауданында технологияларды пайдаланылатын бәсекеге қабілетті және рентабельді ет өндіретін өндіріс орны пайда болмақ.
Сонымен қатар, Парламент Мәжілісінің депутаттары "Бейімбет Майлин ауданы Елизаветинка ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктегі жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жөндеу жұмыстары «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында іске асып жатқанын айта кеткен жөн. Мекемедегі жөндеу жұмыстарының аяқтау мерзімі осы жылдың 31 тамызына белгіленген. Мердігер «Арал-05» ЖШС жұмысты уақытылы бітіру үшін барын салып жатқаны көрініп тұр. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктің күрделі жөндеуіне ел қазынасынан 50 448-384, 28 теңге бөлінген.
Мәжілісмендер аудандағы сапарларының соңында Калинин ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. Онда жұртшылық ауылға газ тарту мәселесін алға тарты. Жиын барысында белгілі болғандай ауылға газ тарту бойынша қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, қаржыландыру мәселесі келесі жылға қалдырылған екен.
Сондай-ақ, депутаттар Майское ауылында су құбырын қайта жаңғырту және Красносельское ауылындағы су құбырының құрылысымен де жол-жөнекей таныса кетуді ұйғарды.