Халық Қаһарманы Қостанайда

9 Қазан 2022, 09:30
2380
Бөлісу:
Халық Қаһарманы Қостанайда
Фото: автордан

Ішкі істер министірі Марат Ахметжановтың басшылығымен Ұлттық ұланның ақпараттық-насихаттық тобы Қостанай жұртшылығымен жолықты деп хабарлайды BAQ.KZ сол өңірдегі тілшісі.

Ел қорғанысының негізгі қалқаны болып тұрған Ұлттық ұланның ақпараттық-насихаттық тобының Тобыл өңіріне жасаған бұл жолғы сапарының негізгі мақсатының өзі салмақты. Ол әскери қызметкерлер мен өңір тұрғындарына Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы мен еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін насихаттауды көздеген. 

Қорғаныс саласының әскери ұшағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай әуежайына қонысымен Ұлттық ұланның ақпараттық насихат тобы қаладағы Ұлы Отан соғысының ардагері, журналист, мәдениет саласының үздігі Қасымхан Аллабергенұлының үйіне әдейілеп соғып, ақсақалдың жағдайымен танысты. Кешегі отты жылдардың сұрапыл сәттерін басынан өткізген ардагер ақсақал жас жауынгерлерге батасын беріп, ақыл-кеңестерін айтты.

Халық Қаһарманы Қостанайда

Біз кешегі қасапхана секілді қан сасыған майданды басымыздан өткіздік. Қазір менің Алладан үнемі тілейтін тілегім - ұрпақтарымыздың енді осындай соғысты көрмеуі. Біз өзіміздің жалынды жастығымызды оқ пен отқа арнадық. Ең жаманы майданда бірге жүрген қаруластарыңның көз алдыңда бақилық болуы екен. Енді міне біз егеменді ел болдық. Өзіміздің жеке армиямыз бар. Енді елдің тыныштығын сақтау сендерге аманат, жастар,- дейді көпті көрген Қасымқан атамыз. 

Одан кейінгі Халық қаһарманы, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік -құқықтық жұмысы жөніндегі орынбасары полковник Қайрат Үмбетов бастаған насихат тобы «Благодать KST» қарттар үйінің филиалында болып, сонда тұратын зейнеткерлерді жақында өткен қарттар күнімен құттықтады.

Елімізде ең асыл қасиет - үлкенді сыйлау. Ал, қарттарға құрмет пен қамқорлық көрсету - парызымыз. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, -деді Халық қаһарманы Қайрат Жарылқасынұлы.

Жүздесу соңында ол зейнеткерлерге төсек-орын жиынтығын сыйға тартты.

Халық Қаһарманы Қостанайда

Бізді еске алып, еңбегімізді бағалайтынына өте қуаныштымыз. Ұлттық ұланның жоғары қолбасшылығына мың алғыс, - деп ризашылығын білдірді қарттар үйінің директоры Татьяна Адиетова.

Айта кетейік, осыдан 6 ай бұрын Қостанайда ашылған «Благодат КСТ» пансионатының филиалы Қазақстандағы осы үлгідегі 8-ші пансионат болып отыр.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік -құқықтық жұмысы жөніндегі орынбасары, Қайрат Үмбетов Қостанайдағы «Жанұя» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» балалар үйінде болды.

Балалар үйінде құқық қорғау жасақтарының бас тәрбиешісі мен топ мүшелері өнерлі бүлдіршіндер ұйымдастырған гала-концерттің көрермені болды. Балалар үйінің жас өнерпаздарының тамылжытып салған әні мен мың бұралған билері Халық Қаһарманын тәнті етті.

Халық Қаһарманы Қостанайда

Бүгінгі шара біздің балалар үшін өте маңызды болды. Балалар үйіне арнайы келген Халық Қаһарманы қонағымыз болды. Балалар өздерінің концерттік бағдарламаларын шын жүректен ұсынды. Ең бастысы, олар әскери адам болу үлкен абырой және жауапкершілік керек екенін түсінді. Бүгін Қайрат Жарылқасынұлын көргенде ұлдарымыздың жанарларында жігер пайда болды. Олардың арасында өмірін әскери саламен байланыстырғандар да бар. Осындай батырларды үлгі ете отырып, Отан қорғаушы болуға ниет білдірушілердің қатары арта түсетініне сенімдімін, – дейді«Жанұя» отбасы үлгісіндегі балалар ауылыны директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Наталья Михайловна Арсенева.

Кездесу соңында Қайрат Жарылқасынұлы бүлдіршіндерге алдағы өмірлеріне сәттілік тілеп, балалар үйіне тәттілер салынған қоржындармен бағалы сыйлықтар, үстел хоккейін тарту етті.

Халық Қаһарманы Қостанайда

Қостанайдағы «Жанұя» балалар ауылының балалар үйі 22 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқанын айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда балалар үйінде 42 бала тәрбиеленуде. Оқушылар қалалық, республикалық өнер сайыстарында үздік нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Ақпараттық насихат тобының мүшелері кездесу аясында Әскери қызметкерлер мен жастардың бойына қазақстандық патриотизм мен азаматтық борышқа адалдық рухында тәрбиелеу жолында кешенді жұмыстар жүргізді. Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның имиджін нығайту, азаматтардың әскери қызметкерлер мен олар жауынгерлік міндеттерге деген оң көзқарасын қалыптастыруға бағытталған шаралар өтті. Ақпараттық-насихаттық тобының Қостанай жеріндегі бір күндік жұмысы аясында  «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» ұранымен қорытынды концерт өткізілді, - дейді Ұлттық ұлан Басқолбасшысының тәрбие және әлеуметтік -құқықтық жұмысы жөніндегі орынбасары полковник Қайрат Жарылқасынұлы.

Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясында ақпараттық-насихаттық тобы басшыларының қатысуымен өткен концертті жергілікті тұрғындар ерекше ықыласпен қабылдады. Концертті Қостанай қаласының тұрғындары, ардагерлер, студент жастар, жергілікті соғыстар мен әскери қақтығыстардың ардагерлері, полиция қызметкерлері мен сарбаздар тамашалады.

Өзгелердің жаңалығы