«Халық әртісі» атағының қайтарылатыны жақсы болды – Лидия Кәденова

21 Мамыр 2022, 16:13
2272
Бөлісу:
«Халық әртісі» атағының қайтарылатыны жақсы болды – Лидия Кәденова

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев өнер адамдарын кәсіби мерекелерімен құттықтай келе, «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын қайтару жөнінде тапсырма бергенін мәлімдеген еді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс Лидия Кәденованың пікірін білген едік.

Театр және кино әртісі Социализм мен капитализмнің ортасында қалып қойған адамдай болып жүргендерін айтады.

Біз ҚР еңбегі сіңген әртіс атағын алдық, ал, бізден кейінгі жастар «Мәдениет қайраткері» деген атақ алды, бұл Халық әртісі атағымен тең. Біраз әртіс «Қазақстанның халық әртісі» атағын немесе «Мәдениет қайраткерін» алмай қалып қойдық, не ары емес, не бері емес. Бұл мәселе бұрындары қозғалды, Мұхтар Құл-Мұхаммед министр болып тұрған кезде, одан кейінгі министрлердің тұсында да айтылды. Бірақ сол қолға алынбай келе жатқан. Енді «Қазақстанның халық әртісі» атағы қайтарылғалы жатыр екен, оны қолдаймын,-деді ол.

Л. Кәденова қандай атағың болса да халықтың ыстық ықыласынан асқан ештеңе жоқ, дейді. Қандай жағдай болмасын бағаңды халық береді, деген ойда. 

Атағың болсын, болмасын бағаңды халық береді. Бастысы адал еңбек етіп, халықтың көңілінен шығатындай дүниелер жасасақ, бағамызды халықтың өзі береді ғой. Бұрын ауыл-ауылды аралап, шаң-тозаңды жұтып жүріп өнер көрсететін едік. Соған қарай халықтың ыстық ықыласына бөленетінбіз. Дегенмен, «Халық әртісі» атағының қайтарылатыны да жақсы болды, ол еңбегіңнің бағаланғаны. Жора-жолдастарыңның, отбасыңның алдында да абырой ғой. Мұндай атақты алған шығармашылық адамдары рухани бір көтеріліп қалады,-дейді Л. Кәденова. 

Сонымен қатар ол «Халық әртісі» атағына ұсынылған тұста оны алып тастағанын жеткізді.

Сол кезде театрдан 2-3 адам ұсынылғанбыз, құжаттарымыз да өтіп тұрды. Бірақ ол кезде бұл атақты алып тастады. Содан Социализм мен капитализмнің ортасында қалып қойған адамдай болып қалдық. Ресей, Башқұртстан өзге елдің бәрінде «Халық әртісі»  атағы бар. Бізде қайта оралатыны дұрыс болды,-дейді өнер адамы.
 

Өзгелердің жаңалығы