Халықаралық комиссия Қазақстанның өлім жазасына қатысты шешімін құптады

19 Ақпан 2021, 13:46
1860
Бөлісу:
Халықаралық комиссия Қазақстанның өлім жазасына қатысты шешімін құптады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өлім жазасына қарсы халықаралық комиссия Қазақстан Республикасының Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші факультативтік хаттаманы ратификациялауды құптады.

Бұл хаттамаға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 2 қаңтарда қол қойған болатын.

Мен өлім жазасына қарсы халықаралық комиссиясының мүшелеріне және біздің мүше мемлекеттердің қолдау тобына қосыламын. Президент Қ.Тоқаев пен оның әкімшілігін Қазақстанның көптен күткен Екінші факультативтік хаттаманы шын мәнінде ратификациялауымен құттықтаймын. Осылайша, Қазақстан бейбіт уақытта өлім жазасын алып тастау туралы тарихи халықаралық міндеттемені өз мойнына алды және бұл комиссия үшін өте маңызды. Өйткені Қазақстан комиссияның маңызды мүшесі болып отыр. Бұл шешім тек ел үшін ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия өңірі үшін де маңызды қадам. Енді Қазақстан өлім жазасынан босатылған аймаққа айналмақ. Президенттің алғашқы мәлімдемесі 2019 жылдың қараша айында жасалған. Бұл Орталық Азия өңірі мен Моңғолияның Женевадағы Тұрақты өкілдерінің СКӨХК бірлесіп ұйымдастырған, аймақты өлім жазасынан босатылған аймаққа айналдыру мәселесі жөніндегі кездесуінен тура бір айт өткен соң болды,- дейді судья Н.Пиллэй.

Хаттамаға қол қою нәтижесінде Қазақстан осы құжаттың 88-қатысушы мемлекетіне айналды. Екінші факультативтік хаттамаға қол қоя отырып, Қазақстан елде өлім жазасын қолданбауға міндеттенеді. Сондай-ақ юрисдикциясы аясында өлім жазасын жою үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы керек.

Айта кетейік, Қазақстанда 2003 жылғы 17 желтоқсаннан бастап өлім жазасына мораторий ресми түрде қолданылады. Өмір бойына бас бостандығынан айыру 2004 жылы балама жаза ретінде енгізілді. 

2007 жылғы мамырда Қазақстан өзінің Конституциясына адамдардың қаза табатын террористік актілерді және соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстарды қоспағанда, барлық қылмыстар үшін өлім жазасының күшін жоятын түзетулер енгізді.

Хаттаманы ратификациялау ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төрағасы ретінде сөйлеген сөзінде Екінші факультативтік хаттамаға қосылу рәсімін бастау туралы ұсынысынан кейін орын алды. 

Қазақстан Республикасының осы хаттамаға қосылу рәсімін аяқтау барысында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мемлекет атынан осы халықаралық құжатқа қол қоюға уәкілетті болды.


Өзгелердің жаңалығы