Халық сенімі арқасында мәслихаттарда 237 орынға ие болдық – Бектаев

15 Қаңтар 2021, 15:15
1576
Бөлісу:
Халық сенімі арқасында мәслихаттарда 237 орынға ие болдық – Бектаев

Алматы, BAQ.KZ. Президенттің «саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ға төмендетуіміз керек» деуі елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізеді. Бұл туралы «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев facebook-тегі парақшасында жазды.

Орталық сайлау комиссиясының ресми қорытындысын күте отырып, соның негізінде өз ойымды айтсам деп жоспарлағанмын. Оның үстіне бүгін қос палаталы Парламент отырысында ел президентінің саяси реформаларға қатысты айтқан ұсыныстары да түрткі болды. Сол себепті өздеріңізбен ой бөліссем деп шештім. «Ауыл» партиясы ресми тіркелген, қашан да заң шеңберінде әрекет ететін саяси ұйым. Партияның соңғы бес жылда атқарған еңбегі орасан, саяси додаға тас-түйін дайын келдік. Көздеген межеміз де Парламент мәжілісі еді. Өкінішке қарай ол ниетімізге жете алмадық. Өз жұмысымызда да кемшілік болмады деп айта алмаймыз. Осы кем-кетіктің барлығын арнайы жиналып, үлкен талқылаудан өткіземіз. Бағыт-бағдарымызды реттестіріп, нақты қорытынды шығарамыз, - деп жазды партия төрағасы. 

Сонымен қатар, ол «Ауыл» партиясы Мәжіліске өтпесе де, өңірлерде бар екенін жеткізді.  

Облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың ауылдарды дамытуға қосар үлесі мол. Бұл бізге елдің үлкен сенім артып отырғанын, "Ауыл" партиясының үлкен күшке айналғанын білдірсе керек. Халық сенімі арқасында мәслихаттарда 237 орынға ие болдық. Оның ішінде 14 облыстық және Алматы, Шымкент қалаларының мәслихаттарында 44 кандидат, аудандар мен қалаларда 193 кандидатымыз депутаттық мандатқа ие болды. Мәслихатқа сайланған депутаттарымызың орта жасы 46-да, - дейді Әли Бектаев.

Пратия басшысы Парламенттің бүгінгі шақырылымында айтылған баяндамаларға қатысты өз ойын білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында: «Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ға төмендетуіміз керек. Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады. Сондай-ақ, елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізеді. Бұл бастама мемлекеттік саясатты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұрлым көбірек қамтып, ескеріп отыруға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеме жасады. Бұл да болса осы өткен сайлау қорытындысынан туындаған нақты қадам екендігі даусыз. «Ауыл» партиясының қызметі бір жолғы сайлаумен бітпейді. Алдымызда әлі талай саяси сайыстар мен алар асулар бар. Бұл жолғы науқан «Ауыл» партиясының ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмыла білетінін анық көрсетті. Еліміздің әр қиырында мыңдаған белсенділеріміз үгіт - насихат жұмысын жүргізіп, сайлау күні байқаушы болып, сенімді өкіл ретінде өздерінің нақты азаматтық позициясын көрсетіп, ерік-жігерін танытты. Жүрегі «Ауыл» деп соққан әрбір партияласымызға шын көңілден алғысымызды білдіреміз, - деп жазды ол.

Өзгелердің жаңалығы