Халық санағы-2021. Санаққа үлгермей қалған адам не істеуі керек?

3 Қараша 2021, 15:10
1433
Бөлісу:
Халық санағы-2021. Санаққа үлгермей қалған адам не істеуі керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өткен 2021 жылғы Үшінші ұлттық халық санағы аяқталды. 31 қазан мен 8 қараша аралығында бақылау таңдамалы аралау кезеңі басталды.

1 қарашадағы жағдай бойынша халық санағы 19 450 179 адамды немесе Республика халқының 100,2%-ын қамтыды (1 тамызда халықтың саны 19 029 507 адамды құрады). Алматы бойынша 652 195 адам онлайн және 1 559 023 адам офлайн форматтарда өтіп, 110,3 пайызды құрады. Естеріңізге сала кетейік, халық санағы 2020 жылғы Дүниежүзілік халық және тұрғын үй қорының аясында өткізілуде. 2021 жылы Қазақстанмен қатар тағы 60 мемлекет халық санағынан өтті.

Санақ аяқталғаннан кейін әлеуметтік желілерде «санақ бітті, бірақ мені тіркеген жоқ ...» деген негативті пікірлер пайда бола бастады. 30 күн бойы 2287 санақ сұхбатшысы күн сайын қатаң белгіленген әдістеме бойынша өз учаскелерін аралады, мүмкін сұхбатшылар сізді үйден таппаған шығар. Көптеген пәтер иелері санақ қызметкерлеріне есіктерін ашпады, олар бір пәтерге бірнеше рет келуге мәжбүр болды.

Қазіргі таңда санақтан уақытылы өтпеген тұрғындардың басым бөлігі белсенділік танытып, азаматтық борышын өтеп, өз бетінше өтіп жатыр, өйткені www.sanaq.gov.kz сайты бақылау кезеңінің соңына дейін жұмыс істейді. Сонымен қатар санақтан өте алмаған тұрғындар Egov электронды үкімет порталындағы сілтеме бойынша және «Айту» мобильді қосымшасын пайдаланып өте алады. Кейбір тұрғындар колл-центрге қоңырау шалып, өз үйіне сұхбатшыларды шақырады. Статистика департаменті қала тұрғындарына әрдайым көмектесуге дайын, санақшылар дереу сол мекен жайларға барады. Осыған орай, жаңадан шыққан хейтерлер пікір жазумен уақыт жоғалтпай, санақ сайтын көріп шығуға немесе жай ғана сұхбатшы-санақшыны үйіне шақыруды ұсынамыз.

«Мемлекеттік статистика туралы» заңның «Ұлттық санақтар туралы» 21-бабында ұлттық санақтар кезіндегі бастапқы статистикалық деректерді респонденттер міндетті түрде және ақысыз түрде береді деп көрсетілген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасында бастапқы статистикалық деректерді, оның ішінде халық санағы кезінде ұсынбағаны үшін жауапкершілік көзделген. Бұл - әлемдік тәжірибе. Қазақстан Республикасында бұл норма «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 497-бабында жазылған.

Санақ халықты қарапайым санау емес, санақ сауалнамасына көптеген аспекті енгізілген. Қазақстанда халық санағы әр 10 жыл сайын жүргізілетіндіктен, алынған мәліметтер көптеген мекеме алдағы он жыл ішінде өз қызметінде пайдаланатын орасан зор ақпарат көзіне айналады. Тұрғындар енгізген көрсеткіштер негізінде мемлекет халықтың сандық құрамын ғана емес, сонымен бірге «сапалық» құрамын да анықтайды, белгілі бір облыстың, қаланың, ауылдың инфрақұрылымының дамуын болжайды және жоспарлайды. Мысалы, халық санының өсуі байқалатын аймақтарда қосымша мектептер, ауруханалар, перзентханалар, қала құраушы кәсіпорындар салу жоспарланады.

Халық санағы аяқталғаннан кейін осы аптада инструктор-бақылаушылар интервьюерлермен бірлесе отырып, әрбір есептік учаскелердің 10 пайызын қамтитын тұрғын үйлердегі респонденттерге сауалнама жүргізеді. Бұл кезең 8 қарашаға дейін жалғасады және 2021 жылғы халық санағы кезінде халықты тіркеудің толықтығын және деректер сапасының дұрыстығын тексеру мақсатында жүзеге асырылады. Сонымен қатар бұл шара сұхбатшылардың әрбір тұрғын үйге барғанын және сауалнаманың барлық тұрғындар үшін толтырылғанына сенімді қамтамасыз етеді.

Өзгелердің жаңалығы