Бұл туралы Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Баһадүр Нарымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүкіл Қазақстан халқының 7 жылдағы бағыт-бағдары айқындалатын тұс келіп тұр. Көшбасшымызды сайлайтын науқанда депутаттар бірлестігі болып ойымыз бір арнадан шықты. Бір ауыздан 20 қарашада өтетін Президент сайлауына кандидат ретінде еліміздің қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынамыз. Себебі елді біріктіретін, жаңашылдық әкелетін, Жаңа Қазақстан құратын кезең келді. Бүкіл әлемдегі геосаяси жағдай белгілі. Осы орайда ел тұтастығын, тәуелсіздігін сақтап қалу үшін Мемлекет басшысын қолдауымыз қажет, - деп атап өтті мегаполис мәслихатының хатшысы елордада өтіп жатқан «Қазақстан мәслихаттары депутаттары» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің кезектен тыс конференциясынан соң берген сұхбатында.
Айтуынша, халықпен кездесу кезінде де олардың таңдауы Қасым-Жомарт Тоқаевқа түскенін аңғарған.
Біздің бірлестік республика бойынша мәслихат депутаттарынан құралғандықтан әрқайсымыздың мойнымызда сайлаушылардың аманаты бар. Бірлестік жергілікті билікті күшейту мақсатында құрылған, - деді Баһадүр Нарымбетов.
Еске сала кетейік, бұған дейін ШҚО мәслихатының хатшысы Денис Рыпаков жүгі ауыр электоралдық кезеңнің жақындап келе жатқаны туралы айтқан болатын.