Халқымыз небір зұлмат заманды бастан өткерсе де, рухы сынбады – Ноғаев

1 Маусым 2022, 00:15
2043
Бөлісу:
Халқымыз небір зұлмат заманды бастан өткерсе де, рухы сынбады – Ноғаев
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу рәсімі өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алдымен аймақ басшысы әкімі Нұрлан Ноғаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның отырысына қатысып, әртүрлі этно-мәдени бірлестік өкілдері және ардагерлермен, қоғамдық ұйым өкілдерімен бірге мемлекет қайраткері Жалау Мыңбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Халқымыз небір зұлмат заманды бастан өткерсе де, рухы сынбады – Ноғаев

Одан кейінгі өткен комиссия отырысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева, мемлекеттік саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі комиссияның мүшесі Өмірзақ Озғанбайұлы, облыстық комиссияның және жұмыс топтарының мүшелері, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, мұғалімдер мен жастар және саяси қуғын сүргін құрбандарының ұрпақтары қатысты. 

Халқымыз небір зұлмат заманды бастан өткерсе де, рухы сынбады – Ноғаев

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі Өмірзақ Озғанбайұлы өз сөзінде комиссияның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.

Комиссия мүшелері Алматы қаласындағы Президент мұрағатында, Орталық мемлекеттік мұрағатында, Алматы қаласы ПД мұрағатында, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық мұрағат пен Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мұрағатында, Маңғыстау облысы ПД мұрағатында, Атырау және Маңғыстау облысы мемлекеттік мұрағаттарында, барлығы 1000-ға жуық істермен танысып, зерттеу жүргізген. 

Қазіргі таңда қолда 786 адамның мәліметі бар. Бұл мәліметтер сараптамадан өтіп жатыр, оның қорытындысы бойынша қуғын-сүргін құрбандар ақталуға ұсынылмақ. Одан бөлек Маңғыстау жерінен өзге өңірлерге көшіп кеткен 1000 босқынның тізімі жасақталып жатыр. Оларды да алдағы уақытта ақтау бойынша жұмыстар жүргізілмек. Зерттеу жұмыстары жалғасуда.

Жиында сөз алған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев комиссияның басты міндеттерінің – бірі қуғын-сүргін құрбандарын ақтау екенін айтты.

Өткен ғасырдың басында халқымыз ауыр жылдарды бастан өткерді. Аштық пен саяси репрессияда, қуғын-сүргінде арыстарымыз қынадай қырылып, тағдырларына таңба басылды. Халқымыз алапат аштықтың зардабын тартып, салдарынан өсім бірнеше жылға тежелді. Алайда, халқымыз небір зұлмат заманды бастан өткерсе де, рухы сынбады. Тәуелсіздік алғаннан кейін жазықсыз құрбан болған арыстарымызды ақтауға кірістік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін құрылған комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы»,-деген болатын. Сол міндет пен парыз бүгінде өз деңгейінде орындалып жатыр. Қадамын анық басып, Жаңа Қазақстанға бет алған біздің болашағымыз баянды болатыны сөзсіз. Еліміз шырқау биікке бет түзеген сайын өткеннен сабақ алып, тарихтың тақсыретті беттерін ешқашан ұмытпамыз, – деді Нұрлан Ноғаев. 

Шара аясында Маңғыстау облысының саяси қуғын-сүргін туралы алғаш қалам тартқан зерттеушілері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қарин Ерлан Тынымбайұлының алғыс хатымен және саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеуге үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы