Ғылымның эпицентрі

22 Ақпан 2023, 10:48
2908
Бөлісу:
Ғылымның эпицентрі
PHOTO
Фото: автордан

Қазақстандық аграрлық ғылымы саласында А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының орны ерекше, деп жазады BAQ.KZ тілшісі. 

1956 жылы 14 ақпанда Шортанды ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының базасында КСРО Министрлер Кеңесі Орталық Комитетінің №253 қаулысымен Ақмола қаласынан (қазіргі Астана) 60 шақырым жерде Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылды. 

Қазіргі таңда орталық дамудың жаңаша үлгісін көрсетіп отыр. 2020 жылы ғылыми орталықты Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеттің құрамына біріктірді. Мұндағы мақсат – өндіріс пен ғылымды ұштастыра отырып, заман талабына сай, сапалы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау. Ірі әрі маңызы зор ғылыми мекемені білім беру ұйымы, универсиетпен біріктіру – өзге дамыған елдерде бар тәжірибе. Жас мамандардың сала бойынша бейім болып шығуына тигізер септігі де орасан. Себебі студенттер аталған орталыққа келіп, өндірістік тәжірибеден өтіп, өз қолдарымен ғылымның белгілі бір процестеріне қатысады. Демек маман теорияны ғана емес практикалық тұрғыдан өндіріске дайын болып шығады деген сөз. 

Қазіргі таңда бұл орталық аграрлық ғылым саласында зерттеулер жүргізетін жетекші ғылыми ұйымдардың біріне айналды. Атап айтқанда ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі түрі – астықтан бөлек дәнді, дәнді-бұршақ, жарма, майлы және мал азығы дақылдары бойынша толық әрі ауқымды селекциялық жұмыс жүргізіліп жатыр. Аталған ғылыми жұмыстар үшін мұнда 120-дан астап ғалым мен ғылым саласының қызметкерлері жұмылдырылып отыр. 

Ғылымның эпицентрі

Орталық агротехнологияларды, топырақты өңдеу әдістерін, биотикалық және абиотикалық факторлардың топырақ жамылғысының құнарлылығына әсерін зерттеумен айналысады. Көпжылдық зерттеулер негізінде орталықтың ғылыми зертханаларында селекция, егіншілік, өсімдіктерді қорғау бағыттары бойынша ғылыми жобалар жасалып жатыр. Одан бөлек магистранттардың диссертациялық жұмыстары да осы орталықта дайындалады, - дейді А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Басқарма төрағасы Белгібай Қанафин. 

65 жылдан астам тарихында орталықта 184-тен астам сорт әзірленген екен. Мұның барлығы тұқымдық дақылдар. Осы дақылдардың дені орталыққа қарасты 60 мың гектар жерге себіліп, түрлі ғылыми зерттеулер үздіксіз жүргізіліп келеді. 

Ғылымның эпицентрі

Шетелдік ғылыми тағылымдамадан өту – ғалымдар үшін аса маңызды. 2022 жылы Ғылыми жобалар аясында орталықтың 11 ғалымы Ресейдің оның ішінде К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясында, Беларусь Мемлекеттік Университетінде және Германияның «Гановер» топырақ институтында ғылыми тағылымдамадан өтті. Тағылымдамадан өткен әр маман ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру кезінде қолданылатын заманауи озық әдістемелер мен технологиялармен танысуға және маманның кәсіби деңгейін арттыруға зор мүмкіндік беріп отырады. Ғалымдардың дені шет елдік тағылымдамаға орталық есебінен жіберілетінін баса айтқан жөн. 

Мұнда әсіресе жас ғалымдарға барынша қолдау көрсетіледі. Олардың ғылыми зерттеулермен айналысуына да барынша жағдай жасалады. Десе де ауылшаруашылығы саласында білікті мамандар тапшы. 

Неге? Бұл сұрақтың жауабын орталық басшысы Белгібей Қанафин айтты. 

Бұл жерде өндіріс пен білімнің ара жігін ажыратып алған дұрыс. Мысалы біздің орталық таза ғылыми бағыт бойынша жұмыс істейді. Мұнда келетін жас мамандардың бағыты мүлде басқа да, өндіріске, шаруашылықтарға баратын маманның бағыты мүлде бөлек. Алдымен осы екі аралықты ажыратып алған абзал. Бізде өндіріс пен бизнес өкілдері білім берумен нақты деңгейде бірлесе жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Ауылшаруашылығы мамандарын даярлап шығарудан бөлек оқу бітірген жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесін де ойластырған абзал. Мұны білім ордасы емес арнайы үйлестіру мекемесі жүзеге асыруы қажет. Мысалы алдымен өндірістен сұраныс туындауы тиіс. Сол сұранысқа сай мамандар даярланатын болса сонда барып екі жақты ұштасу пайда болады. Сол кезде диплом алған жас маман сұраныс не тапсырыс түскен мекемеге немесе шаруашылықтарда бірден жұмысын істеп кете береді – дейді тәжірибелі маман.

Оның айтуынша ғылымның жөні мүлде басқа. 

Міне 3 жылдан асты орталық университетпен бірлікте жұмыс істей бастады. Алдағы уақытта бізде кадр тапшылығы болмайтынына мен сенімдімін. Себебі университеттен жастар үнемі кезең-кезеңімен біздің орталыққа өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Демек олар ғылымның кез келген тұсынан келіп бірігіп, тәжірибеден өтеді. Бұл болашақта ғылым саласындағы маман ретінде даяр деген сөз. Үлкен мүмкіндік. Біз жүргізіліп жатқан бұл жұмыстарға тек қуанып отырмыз. Қолдан келгенше университетпен бірлесе жұмыс істей береміз. Нәтиже де жаман болмауы тиіс, - дейді. Белгібей Қанафин. 

Ғылымның эпицентрі

А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы бүгінгі таңда астықты тұқым түрлері, өсімдіктердің сорттарының бастапқы тұқым шаруашылығын ұйымдастыру және молайту, дақылдардың төл тұқымдарын өндіру және өткізу, майлы дақылдар, дәнді дақылдар, жем-шөп өндірісі, топырақ құнарлығын қалпына келтіруге және сақтауға бағытталған ауыл шаруашылығы, агрохимия, өсімдіктерді қорғау, өсімдік шаруашылығы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады. 

Ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру және инновациялық технологияларды енгізу жағдайында мемлекетімізде аграрлық ғылымның рөлі айтарлықтай артып келеді. Оның болашағы ғалымдардың жаңа буынына тікелей байланысты.

Бүгінде орталық еліміздегі нақты және органикалық егіншілік пен ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы жүйелері бойынша бас ғылыми ұйым болып саналады. Сондықтан саланы одан әрі жетілдіру мен дамытуға бар күшімізді салып жатырмыз, - дейді Белгібай Қанафин.

Қазіргі таңда орталық мамандандырылған 5 ғылыми-зерттеу бөлімін және олардың негізінде 21 зертхананы, 1 білім тарату орталығын, өсімдік және тұқым шаруашылығы бөлімін, даму және инфрақұрылым бөлімін біріктіреді. 

Ғылымның эпицентрі

Қазіргі таңда мұнда 19 дақыл бойынша селекциялық жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал тары, қарақұмық, сұлы, бұршақ, ноқат, жасымық, бидай дақылдары бойынша Қазақстандағы жалғыз асыл тұқымды мекеме де осы. Жыл сайын будандастыру процесіне әлемнің 60-тан астам елінің тұқымдық материялдары мен донорларын тарта отырып, 90 мыңнан астам үлгі зерттеледі, 2 мыңнан астам комбинация қиылысады. Осынша ауқымды жұмыстар істеп отырған ғалымдардың еңбегі негізінде еліміздің басым бөлігінде Бараев орталығының дәнді дақылдары алқаптарға себіліп, мол өнім жиналады. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстанның 50%-на немесе 1114530 га алқапқа, Ақмола облысының – 70% (2727945 га), Павлодар облысының – 25% (118002 га), Қостанай мен Қарағандының – 8% алқаптарына аталған орталықтың асыл тұқымды астығы себіліп отыр. Яғни еліміздің егіс алқабының 4 800 000 га-на тең.

Жыл сайынғы көрсеткіштің өзгеріп отыратындығы да шындық. Дегенмен астықты ел болғаннан кейін дәнді дақылдардың тұқымдық базасын, қорын құрып, жастарды осы салаға қазіргідей деңгейде бейімдеп даярлауды жүргізсек болашақтың болжамды болары да ақиқат. 

Өзгелердің жаңалығы