Қазақстанда дарынды оқушыларды және олардың жетекшілерін қолдау мен ынталандыру механизмдері заңнамалық деңгейде бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биылдан бастап халықаралық ғылыми жоба байқауларында үздік нәтижеге қол жеткізген оқушылар мен оларды дайындаған педагогтерге мемлекеттік бір реттік ақшалай сыйақы тағайындалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң балалардың білім мен ғылымға қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды өзгерістерді қамтиды.
Бұл заңның қабылдануы Мемлекет басшысының дарынды жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған реформаларының жүйелі жалғасы. Бұған дейін мұндай көтермелеу халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысқан оқушылар мен ұстаздарға да берілген болатын.
Енді халықаралық беделді пәндік олимпиадалармен қатар халықаралық ғылыми байқауларда алтын медаль иеленген оқушылар 1500 АЕК-ке дейін, күміс медаль иегерлері 1000 АЕК, ал қола медаль алғандар 500 АЕК көлемінде мемлекеттік сыйақы алады.
Сонымен бірге оларды жарысқа дайындаған педагогтерге 26,5 базалық лауазымдық айлыққа дейінгі сыйақы тағайындалады.
Биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша 7 беделді халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасы 27 медаль иеленді (4 алтын, 13 күміс, 10 қола). Оның қорытындысы бойынша 27 жеңімпаз оқушыға 94,3 млн теңге, ал 24 педагогқа 7,4 млн теңге төленді.
Жаңа нормалар дарынды балаларды қолдау жүйесін күшейтіп қана қоймай, білім саласындағы жоғары нәтижелердің беделін арттырып, елде олимпиадалық әрі ғылыми қозғалыстың одан әрі дамуына жаңа мүмкіндік береді.