Бүгін Сенат отырысында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңы мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңның мақсаты ғылымды дамыту және елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізу жөніндегі технологиялық саясатты іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау, ғылымды дамытудың негізгі бағыттары мен қағидаттарын, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін айқындау.
Заңда Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылыми жүйесін дамыту тетіктері көзделеді, ғылыми қызмет субъектілері, олардың құқықтары айқындалады, Ұлттық ғылым академиясының құқықтық мәртебесі, Ғылым қорының қызметі және ғылыми қызметті қаржыландыру тетіктері бекітіледі. Заң ғылыми инфрақұрылымның негізгі элементтерін, ғылыми ұйымдарды қаржыландыру тәртібі мен ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бағдарламаларын іске асыруда ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне жәрдемдесу шараларын, сондай-ақ ғылымды дамытуды, оның ішінде ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларды базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы ынталандырудың мемлекеттік шараларын, сондай-ақ ғылыми қызметті мемлекеттік қолдау шараларын айқындайды,- деді сенатор Нұртөре Жүсіп.
Бұдан бөлек, ғылыми дәрежесі бар қызметкерлердің ғылыми қызметін ынталандыру мақсатында оларға ай сайынғы қосымша ақылар белгіленеді. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін жетекші ғалымдарға шығармашылық демалыс беру нормалары енгізілді. Сондай-ақ жас ғалымдарды қоса алғанда, ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қолдау пакеті кеңейтіліп жатыр.