- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ғылымды таңдаған дәрігер: Жас ғалым Динара Ғалиеваның зерттеу жолы
Ғылымды таңдаған дәрігер: Жас ғалым Динара Ғалиеваның зерттеу жолы
Жас ғалымды медицина мен ғылымға бала күнгі арманы жетелеп әкелген.
Кеше 2026, 16:15
Медицина – тек дәрігерлік тәжірибемен шектелмейтін, ғылыммен ұштасқанда қоғамға үлкен пайда әкелетін сала. Қазақстанда осы бағытта еңбек етіп жүрген жас ғалымдардың бірі – Назарбаев университетінің медицина мектебінің ассистент-профессоры Динара Ғалиева.
Ол медицинаға бала күнгі арманы арқылы келген. Кейін зерттеушілік жолды таңдап, шетелде білімін тереңдетіп, бүгін Қазақстанда ғылыммен айналысып жүр. Ғалымның негізгі зерттеу бағыттары – балалардағы созылмалы аурулар, бүйрек патологиялары және тамақтану мәдениетінің денсаулыққа әсері. Жас ғалым BAQ.KZ тілшісіне ғылымдағы жолы туралы айтып берді.
Бала күнгі арманнан басталған жол
Динара Ғалиева медицина саласына кездейсоқ келген жоқ. Оның айтуынша, дәрігер болу – бала кезден қалыптасқан арманы.
Мен дәрігермін, Астана медициналық университетін бітірдім. Шынын айтсам, дәрігер болу – бала кезден бергі арманым еді, – дейді ол.
Университетті аяқтап, дәрігер дипломын алғаннан кейін оның қызығушылығы ғылыми зерттеуге ауыса бастайды.
Университетті бітіріп, дәрігер дипломын алған соң мені ғылыми-зерттеу бағыты көбірек қызықтыра бастады, – деп ағынан жарылды Динара.
Осылайша, арманын арқалаған жалынды жас «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияға барып, докторантурада білім алады.
Ұлыбританиядағы зерттеулер: балалардағы бүйрек аурулары
Шетелде оқыған жылдары Динара Ғалиева педиатрия және эпидемиология саласында зерттеу жүргізеді. Оның негізгі ғылыми тақырыбы балалардағы созылмалы бүйрек аурулары болған.
Мен педиатрия мен эпидемиология саласында зерттеу жүргіздім. Балалардағы созылмалы бүйрек ауруларының қауіп факторларын, өлім-жітімін және өміршеңдігін зерттедім, – дейді ғалым.
Бұл бағыт кездейсоқ таңдалмаған. Өйткені созылмалы аурулар, әсіресе балалар арасындағы бүйрек патологиялары медицинада аса маңызды мәселелердің бірі саналады.
Докторантураны аяқтаған соң ол Қазақстанға оралып, ғылыми жұмысын жалғастырады.
Ғылымдағы басты қызығушылық: созылмалы аурулар
Қазір Динара Ғалиева Назарбаев университетінде жұмыс істейді және бірнеше ғылыми бағытта зерттеу жүргізіп келеді.
Мен негізінен ұзақ уақытқа созылатын созылмалы ауруларды зерттеймін. Бұл жерде біз әрі эпидемиологиялық, әрі клиникалық аспектілерін қарастырамыз, – дейді ол.
Ғалым тек бүйрек ауруларымен ғана шектелмейді. Оның зерттеулерінде балалардағы қант диабеті, семіздік, метаболикалық синдром сияқты аурулар да қамтылады.
Өйткені соңғы жылдары Қазақстанда балалар арасында метаболикалық бұзылыстардың көбейгені байқалып отыр.
Өкінішке қарай, Қазақстанда артық салмағы бар және метаболикалық бұзылыстары бар балалардың саны артып келеді, – дейді зерттеуші.
Тамақтану мен денсаулықтың байланысы
Соңғы жылдары ғалым тамақтану мәдениеті мен созылмалы аурулардың байланысын зерттеуге көбірек көңіл бөліп жүр.
Менің қазіргі негізгі ғылыми қызығушылығым – тамақтанудың созылмалы аурулардың дамуына қалай әсер ететінін бағалау, – дейді Динара.
Оның айтуынша, қазіргі қоғамда адамдардың өмір салты мен тамақтану әдеттері денсаулыққа тікелей әсер етеді.
Ғалым қазір бірнеше ғылыми жобаны бастап жатыр. Олар балалардағы бірінші типті диабет пен созылмалы бүйрек ауруларының ағымына тамақтанудың әсерін зерттеуге бағытталған.
Біз балалардағы бірінші типті қант диабеті мен созылмалы бүйрек ауруларының ағымына тамақтанудың қалай әсер ететінін зерттеп жатырмыз, – деді ол.
Зерттеудің басты гипотезасы – дұрыс тамақтану мен талшыққа бай тағамдардың ағзаға пайдалы әсері.
Негізгі гипотезамыз – дұрыс тамақтану мен талшыққа бай тағамдардың ағзадағы микрофлораға оң әсері бар және бұл созылмалы аурулардың ағымын жеңілдетуі мүмкін, – дейді ғалым.
Дұрыс тамақтану туралы кеңес
Ғалымның айтуынша, бүгінгі таңда дұрыс тамақтану мәселесі өте өзекті. Себебі дайын тағам мен фастфудқа қолжетімділік артқан.
Қазір біз қолжетімді тағам дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бір қосымша арқылы тапсырыс берсеңіз, 15 минуттан кейін дайын тағам есігіңіздің алдында тұрады, – дейді ол.
Сондықтан ең басты кеңес – үйде дайындалған тағамды жеу.
Ең бірінші ереже – мүмкіндігінше тағамды өзіңіз дайындаңыз, – дейді дәрігер.
Тағы бір маңызды мәселе – фастфудты азайту.
Фастфудты ас мәзірінен мүлде алып тастаған дұрыс, – дейді ғалым.
Сонымен қатар көкөніс пен көк шөптің маңызына ерекше тоқталады.
Ет жесеңіз, оның қасында міндетті түрде көкөніс пен көк шөп болуы керек, – дейді ол.
Ғалымның айтуынша, адам күніне шамамен 450–500 грамм көкөніс пен көк шөп тұтынуы керек.
Әрбір тамақтану кезінде көкөніс немесе салат болуын әдетке айналдыру керек, – дейді ол.
Ғылымдағы әйел: стереотипсіз жол
Ғылым саласында әйелдердің кездесетін қиындықтары жиі айтылады. Бірақ Динара Ғалиева өз тәжірибесінде мұндай кедергілерге тап болмағанын айтады.
Мен докторлық диссертациямды Ұлыбританияда қорғадым, онда да мұндай жағдайларды байқамадым. Қазақстанда да ғылыми жобаларымды еркін жүзеге асырып келемін, – деп сыр бөлісті спикер.
"Қорықсаң да, әрекет ет"
Жас зерттеушілерге Динара Ғалиева ерекше кеңес береді. Оның айтуынша, ғылым қызыққа толы сала.
Ғылым бір жағынан күрделі көрінуі мүмкін, бірақ ол өте қызық сала, – дейді ол.
Ғалым зерттеуді детективтік жұмысқа ұқсатады.
Кейде өзіңе сұрақ қоясың: мүмкін бұлай шығар, әлде басқаша ма? Сол кезде сен бір жағынан Шерлок Холмс сияқты боласың, – дейді Динара.
Оның айтуынша, зерттеу барысында қорқыныштың орнына қызығушылық келеді.
Психологтар да айтады: feel the fear and do it anyway. Яғни қорқыныш бәрібір болады, бірақ соған қарамастан әрекет ету керек, – дейді ол.
Он жылдық зерттеу тәжірибесі
Динара Ғалиева ғылыммен шамамен 2014 жылдан бері айналысып келеді.
Ғылыми зерттеумен шамамен 2014 жылдан бері айналысып келемін. Яғни бұл салада он жылға жуық тәжірибем бар, – дейді ол.
Осы уақыт ішінде оның ғылыми қызығушылықтары кеңейіп, жаңа зерттеу бағыттары пайда болған.
Әйелдерге арналған тілек
8 наурыз мерекесіне орай ғалым әйелдерге ерекше тілек айтты.
Барлық қыз-келіншектерге махаббат, гүлдену, қызықты жобалар, өзін-өзі жүзеге асыру және мансаптық өсу тілеймін, – дейді ол.
Ғалымның айтуынша, егер адамның арманы мен идеясы болса, одан қорықпау керек.
Егер ойыңызда бір жоба немесе арман болса, одан қорықпаңыз. Оны шын ықыласпен, сүйіспеншілікпен жасасаңыз, міндетті түрде жүзеге асады, – дейді Динара.
Ал дәрігер ретінде ол ең маңызды тілегін де қоса айтты.
Ең бастысы – денсаулық, – дейді ғалым.
Динара Ғалиеваның ғылыми жолы – медицина мен ғылымды қатар алып жүрген жаңа буын қазақстандық ғалымдардың жарқын мысалы. Бала кезгі арманнан басталған бұл жол бүгінде ғылымға, зерттеуге және қоғам денсаулығына қызмет етіп отыр.
Ең оқылған:
- Аспанға ғашық ару: Тікұшақ тізгіндеген қазақ қызының ерекше жолы
- Иран Кувейттегі америкалық тікұшақ базасына соққы жасады
- Қазақстандық бойжеткен Вьетнамда жұмбақ жағдайда жоғалып кетті
- АҚШ-тың шабуылынан кейін Иран әскери кемесінде 104 теңізші мерт болды
- Трамп наркокартельдерге қарсы әскери коалиция құру жоспарын жариялады