Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы халықаралық IV Нобель фестивалінің ұйымдастырушыларының бірі, кәсіпкер Қайрат Құдайберген айтты.
Фестивальдің бір санаты – ғылымға көмектесу. Қазақстанда ғылымды жоғары деңгейде деп айта алмаймыз. Оны дамыту үшін бізге көзі ашық, жүрегінде иманы бар, болашаққа деген ұстанымы дұрыс ғылыммен айналысатын адамдар қажет, оларды қолдауымыз керек. Үкімет тарапынан жақсы бюджет бөлініп, оған қол сұғатын жемқорлардан арылуымыз керек. Бұл нәрсені қазір қолға алмасақ, бізде ешқашан ғылыми прогресс болмайды. Елімізді жаңа деңгейге шығаратын ғылымның Димаш Құдайбергендерін шығаруға күш салу керек, – дейді ол.
Ал ғылыми-білім беру шарасының негізгі ұйымдастырушысы Инклюзивті даму қорының бас директоры Мақсат Курбенов еліміз инновациялардың көлеңкесінде қалмауы үшін білім беруге көңіл бөлу керегін айтады.
Бүгінде Қазақстан алдыңғы қатарлы елдердің қатарында болуы үшін және инновациялардың көлеңкесінде қалмауы үшін білім беруі тиіс. Қазір білім үшін күрес жүріп жатыр. Біз төртінші өнеркәсіптік революция туралы белсенді түрде айтып жатқанда Жапония мен АҚШ-та бесінші өнеркәсіптік революцияны зерттеу орталықтары құрылып қойды. Ал біз әлі төртінші техникалық революцияға кіре алмай жатырмыз. Бұл өте маңызды, біз фестивальда осы жөнінде де айтқымыз келеді. Фестивальдің өзі инновациялар мен технологияларға арналған. Біздің студенттер, профессорлар осы революцияларды жасай алады, – деді ол.