Гуманизм тұрғысында Ата Заңға қандай баға беруге болады? Профессор жауап берді

30 Тамыз 2021, 12:04
5865
Бөлісу:
Гуманизм тұрғысында Ата Заңға қандай баға беруге болады? Профессор жауап берді
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов Ата заңдағы адам құқықтары туралы айтты.

-        Жамаладен Ибраһимұлы, Конституциядағы адам және адамзат тармағы туралы не айта аласыз?

-        Қоғамның тарихи дамуында Конституция мемлекеттің негізгі заңы ретінде ең басты назарда болады. Конституциядан заңнаманың негізгі бағыттары, дамуы және оның мазмұны өте үлкен бағытын алады. 20-ғасырда адамзат әлемде таралатын Конституцияның арнайы тетіктерін ойлап тапты. Бұл тетіктер әр мемлекетте әртүрлі нысанда болуы мүмкін. Арнайы мемлекеттік құрылымдар, яғни адам және азаматтардың құқықтарын қорғайтын омбудсмен институттары қалыптасты. Бұл адам және азамат құқықтарын бұзуға жол бермеуге арналған тетіктердің бірі. Адам құқықтары мемлекет өзінің бағытын алатын ең жоғарғы құндылық болып есептеледі. Сондықтан да адам құқықтары қоғамдағы жеке тұлғаның қалыпты өмір сүруіне жағдай жасайды. Адам құқықтары өзінің құқықтық қамтамасыз етілуі жағынан қоғамда ең басты рөлге ие болады. Адам құқығы мен бостандығы табиғи жағынан бірге танылған бірге туған деген көзқарас қалыптасқан. Адам мен жеке тұлғаның құқығына қол сұғу қоғамның эволюциялық дамуына қол сұғу болып есептеледі. Мемлекеттің негізгі заңы Конституция қоғамдық не мемлекеттік құрылымды бекіту үшін ғана емес, адам және азаматтардың құқықтық мәртебесін қалыпты түрде бекітуге бағытталған болуы керек. Осы орайда мемлекет жеке тұлғаның құқығы мен бостандығын қорғауға байланысты әрекет жасайды. Мемлекет ең бастысы әлеуметтік және материалдық мүмкіндіктерді адамның еркін және жан-жақты дамуына жағдай жасап отыруы керек. Осы бағытта құқықты мәдениеттің ең бай мұраларын негізгі бағытқа алып, құқықтық кепілдік пен тетіктерді пайдалана отырып ең негізгі құндылықты жүзеге асыруға үлес қосып отырады. Конституцияда Адам және адамзат деген бөлім бар. Онда 10-39 бапқа дейін әрбір қазақстандықтың құқығы мен бостандығына арналған барлық норма бекітілген.

-        Конституцияда адам құқығына қаншалықты көңіл бөлінген?

-        Адам құқықтары – адамдардың табиғи және бұлжымас еркіндігі. Атап айтар болсақ, өмір сүру, жеке өмір еркіндігі, адам өміріне қол сұқпаушылық. Мұндай құқыққа адам туа сала ие болады. Конституцияның екінші бөліміндегі 29-бап адам құқығы мен бостандықтарына арналған. Ол құқықтардың көбі нақты еркіндік пен құқыққа арналған. Адам құқықтары Конституцияда жеке адамдардың бостандығы ретінде аталады. Мысалы, 15-бапта «әркімнің өмір сүруге құқығы бар» дейді. Бұл адамның бұлжымас табиғи құқықтарының бірі. Ата заңның 16-бабында «әркімнің өзінің жеке басының бостандығына құқығы бар» деп айтылған. Яғни, әрбір азаматтың құқығы мен бостандығы біздің Конституциямызда толық көрсетілген. 18-бапта «Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» делінген. Бұл адамның құқықтары мен бостандықтары Конституцияда толық қамтылған деуге болады. 21-бапта «Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар» деп көрсетілген. Ал «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар» делінген. Біздің Конституциямыз адамның құқықтары мен бостандықтарын толық ашып көрсетеді. Әрбір азамат пен жеке тұлға осы құқықтарын еркін түрде толығымен пайдалана алады. Біздің мемлекет Конституцияның 12-бабында көрсетілгендей, «Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі». Заң мен сот алдында азаматтардың барлығы бірдей. Конституцияның басты ерекшелігі – адамды тек тепе-теңдік жағдайында көреді.

-        Конституцияда жазылған адам құқықтарының іс жүзінде орындалуына қандай баға беруге болады?

-        Адам құқықтары жалпы мемлекеттің дамуында басты құндылық пен бағыт болып есептеледі. Әр мемлекет адам құқықтарын қорғауға үлкен мән береді. Біздің мемлекетте де бұл мәселеге ерекше көңіл бөледі. Оған мысал 2021 жылғы 11 маусымдағы Президенттің «Адам құқықтарын дамыту іс-шараларын дамыту туралы» жарлығын айтуға болады. Бұл жарлық мемлекеттің құқық қорғау мәселелеріне үлкен маңыз беріп отырғанын көрсетеді. Мемлекетте саяси жаңғырту мен либерализация тармағын дамыту болып есептеледі. Бұған дейін Мемлекет басшысы құқық қорғау мәселесін 2019 жылдың 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қарады. Оның нәтижесінде өлім жазасын толығымен жою туралы халықаралық шартқа қол қойылды. 2020 жылдың 1 қыркүйектегі Жолдауында да адам құқықтарын қорғау мәселесіне үлкен мән берілді. Әсіресе, бала құқығын қорғау, кибербуллингпен, адам сатумен күреске үлкен мән берілді. 2021 жылдың ақпанында Ұлттық кеңес отырысында адам құқықтарын пенитециарлық мекемелерде және әйел құқықтарын қорғауға назар аударды. Мемлекеттегі адам құқықтарын қорғау мәселесіне үлкен мән беріледі. Конституцияның 1-бабында әлеуметтік мемлекет ретінде бекітсе, ол өзінің дамуын көрсетіп жатыр. Мысалы, ел азаматтарының шетелден әкелінуі, шағын және орта бизнесті сақтауға бағытталған жеңілдіктер, жұмыссыз қалған азаматтарға көмек көрсету шаралары адам құқықтарына көп көңіл бөлінетінін айтуға болады. Оларға елде бейбіт шерулер мен жиындарды өткізу тәртібін айтуға болады. «Парламент және оның депутаттары мәртебесі» туралы заңға оппозиция мүшелерінің сайлануы туралы баптың енуі, саяси партия сананың құрамын қысқарту, сайлау кезінде әйелдерге арналған 30 пайыздық квотаны адам құқытарын қорғауға арналған шаралар деп айтуға болады. Әрине, қоғам мен мемлекет болғасын қоғамда құқықбұзушылық та көп кездесіп жатады. Бұл кейбір азаматтың құқықтық тәртіптеріне мән бермеуінің әсерінен болып жатады. Өкінішке қарай, қоғамда өз мәселелерімен жоғарғы сотқа дейін барып, өзінің нақты шағымдарына толыққанды жауап ала алмайтын мәселелер кездесіп жатады. Ондай мысалдар бар. Оның бірден-бір шешуі БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғау комитеттері сияқты ауқымды жаһандық деңгейдегі тетіктер болса, ондай мәселелерді шешуге болады. Құқықтық мәдениеттің жоғары болуы керек. Қазақ елі 30 дамыған елдің қатарына қосылуға ұмытылып отыр. Онда құқықтық сананың сақталуы құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейде болуымен ерекшеленеді. Біздің мемлекетте адам құқығы мен бостандығын қорғау қалыпты деңгейде кездесіп отырады. Ендігі мақсат мемлекеттік орган мен қазақстандықтар тарапынан құқықтық түсініп, бір бағытта жұмыс істеу керек.

-        Гуманизм тұрғысында Ата Заңға қандай баға беруге болады?

-        Адам құқықтарының әлеуметтік-саяси құқықтық мағынасы гуманистік мән-мағынаны білдіреді. Себебі адам құқықтары қоғамдағы мүмкіндігін ерекше бөліп көрсетеді. Мемлекеттің негізгі заңында басты баптар мен нормалар адам құқығы мен бостандықтарын адами тұрғыдан қорғауға бағытталған. Конституцияның 15-бабының 2-тармағында «Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар» делінген. Сонымен қатар 16-баптың 3-тармағында «Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқылы» деп жазылған. 22-бапта «Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс» дейді. Яғни, гуманизм тұрғысынан Конституцияда адамдың құқығы бойынша жан-жақты қорғай алады деп айтуға болады. Заңның басты мақсаты - қазақ елінде өмір сүріп жатқан әрбір азаматтың құқығын қорғау. Мемлекеттің бағыты осындай. Себебі елдің басты құндылығы – адам.

-        Биыл Конституцияға 26 жыл толды. Барша қазақстандықты мерекемен құттықтасаңыз.

-        Барлық қазақстандықты мемлекеттің ең маңызды мерекелік күні - Конституция күнімен құттықтаймын. Еліме, жұртыма зор денсаулық тілеймін. Мемлекетіміз биік межелерден көріне берсін. Әрбір азамат өз отбасы мен еңбек ұжымында елі мен жерінің дамуына адал қызмет етіп, елжанды, ұлтжанды азаматтар қазақ елінің дамуына үлес қоса берсін. Мереке құтты болсын!

-        Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы