Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Грузия билігі шектеу шараларын біртіндеп жеңілдетіп жатыр. Енді қонақ үйлерде концерт өткізуге болады. Казинолар қайта жұмыс істейді, деп жазды Хабар24.
Өзін-өзі оқшаулау мерзімі де қысқарды. Бірақ маска тағу тәртібі сақталады. Кісі көп жиналатын жаппай іс-шараларға рұқсат жоқ. Қазір елде коронавирустың алтыншы толқыны жүріп жатыр. Індеттен көз жұмғандар дерегі төмендеген. Сондықтан билік шектеу шараларын жеңілдетуді ұйғарыпты.
Дегенмен, білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесіне жіті көңіл бөлініп отыр. Мұғалімдер ешқайда бармай мектептің ішінде коронавирусқа тест тапсыра алады.
Біз арнайы дайындықтан өттік. Жақсы болды. Енді зертхана қызметкерлерінің мазасын алмаймыз. Олардың онсыз да жұмысы көп. Тестті мектептің ішінде өткіземіз, - деді мектептегі дәрігер Ия Дангадзе.
Мамандарды алаңдатып отырған мәселе - төмен иммундау көрсеткіштері. Бұған дейін билік вакциналау төлқұжатын алып тастаған еді. Салдарынан қазір екпе салдыру қарқыны 2 есе төмендеген.
Тәуліктік өсім төмен деуге келмейді. Күн сайын 24 мың деректен тіркеліп жатыр. Десе де, ауруханаларда науқастарды жатқызатын орын жеткілікті. Бір өкініштісі, вакциналау көрсеткіштері төмен болып отыр, - деді Грузияның ауруларды бақылау және қоғамдық денсаулық сақтау орталығының жетекшісі Амиран Гамкрелидзе.