Грузияда Қазақстанның жаңа Құрметті консулдығы ашылды

Бөлісу:
Грузияда Қазақстанның жаңа Құрметті консулдығы ашылды
Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

Уреки, Бахмаро және Шекветили сияқты теңіз және тау курорттарымен танымал Гурия аймағында Қазақстанның Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға Грузия Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Хвтисиашвили, Озургети қаласының мэрі Автандил Талаквадзе, Парламент және сакребуло (жергілікті өзін-өзі басқару) депутаттары, сондай-ақ қоғамдық-саяси және іскер топтардың өкілдері қатысты.

Құрметті консул болып Гурия аймағының тумасы, белгілі грузин кәсіпкері, «Ағайынды Асканели» атымен танымал шарап компаниясының тең иесі Гоча Чхаидзе тағайындалды.

Салтанатты рәсімді ашқан Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Мәлік Мырзалин Грузияның ерекше экономикалық, мәдени және туристік аймақтарының бірінде біздің елдің Құрметті консулдығының ашылуы екі мемлекеттің қарым-қатынастарының жоғары деңгейінің және оларды нығайту бағытының сақталуының кезекті дәлелі екенін атап өтті.

Өз кезегінде Грузия Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстан тарапына кезекті Құрметті консулдықты ашу туралы шешімі үшін алғысын білдірді. Қазақстан Грузияның маңызды серіктесі және ресми Тбилиси Астанамен екіжақты және көпжақты форматта ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін мәлімдеді.

Озургети қаласының мэрі бұл мекеме екі республиканың өңірлері мен қалалары арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, инвестициялардың өсуіне, туризмді дамытуға және ғылыми-мәдени алмасуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Құрметті консул Г. Чхаидзе өз сөзінде екі мемлекеттің оған көрсеткен сенімі үшін алғысын білдіріп, Қазақстан-Грузия қатынастарын нығайтуға бар күшін салатынына сендірді. Оның жоспарында жаңа жобаларды іске асыру, бизнес-делегациялар мен мәдениет қайраткерлерімен алмасу, сондай-ақ бауырластық байланыстар мен өңіраралық ынтымақтастық орнату бар екенін атап өтті.

Құрметті консулдық – өзі өкілдік ететін елдің мемлекеттік қызметінде тұрмай, сол елдің және оның азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қоса, бірақ визалар мен өзге де ресми құжаттарды беруді қоспағанда, өкілдік ететін мемлекеттің тапсырмасымен және болу елінің келісімімен ақысыз негізде кейбір консулдық міндеттерді атқаратын Құрметті (штаттан тыс) консул басқаратын мекеме. Бүгінгі таңда Грузияның әртүрлі аймақтарында Қазақстанның барлығы 5 құрметті консулдығы жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы