Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен АҚШ-тың аралды қосу жоспарына қатысты пікір білдіріп, халықтың Даниямен бірге қалғысы келетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Егер таңдау жасау керек болса, біз АҚШ емес, Данияны таңдаймыз, - деді ол.
Нильсеннің мәлімдемесі АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны «иелену» жоспарына берілген ең нақты жауап болып отыр. Трамп аралды Ресей мен Қытайдан қорғану үшін стратегиялық тұрғыда маңызды деп санайды.
Дания премьер-министрі Метте Фредериксен бұл қысымды «қабылдауға болмайтын әрекет» деп бағалап, НАТО аясындағы ынтымақтастыққа қауіп төнетінін ескертті. Сонымен қатар, Еуропаның ірі елдері мен Канада Гренландия мен Данияның өз болашағын өздері шешу құқығын қорғап, АҚШ-қа араласуды тоқтатуды талап етті.
Гренландияның геосаяси маңызы артып отыр, арал Арктика мен Солтүстік Американы байланыстыратын стратегиялық орналасуға ие және табиғи ресурстарға, соның ішінде сирек кездесетін минералдар, уран, темір, сондай-ақ мұнай мен газ қорларына бай.