Грекияның оңтүстік өңірлерінде үш күннен бері жауып тұрған нөсер жаңбыр күнделікті өмірге кері әсерін тигізіп жатыр.
Бейсенбі күні елдің оңтүстік аймақтарына, әсіресе Крит пен Додеканес аралдарына жауған нөсер су тасқынына себеп болды. Ең күрделі жағдай Крит аралында қалыптасты.
Аралдағы өзендер арнасынан асып, көптеген үйлер мен кәсіпорындарды су басқан. Су басқан жолдарда автокөліктерінің ішінде және су кірген үйлерде қамалып қалған ондаған тұрғын өрт сөндіру қызметінен көмек сұраған.
Сонымен қатар су астында қалған ауыл шаруашылығы алқаптарына да айтарлықтай зиян келген.
Қолайсыз ауа райына байланысты Криттегі Никос Казандзакис әуежайына қона алмаған бірқатар ұшақ басқа әуежайларға бағытталған.
Теңіз қатынасы да тоқтатылды. Кейбір жолдар су тасқыны мен көшкін қаупіне байланысты жабылды.
Синоптиктердің мәліметінше, Крит пен Додеканес аралдарындағы нөсер жаңбыр сенбі күні де жалғасуы мүмкін.
Сонымен қатар Эгей теңізінде желдің жылдамдығы Бофорт шкаласы бойынша 9 балға дейін жетіп отыр. Қатты желге байланысты Афина маңындағы Пирей, Лаврион және Рафина порттарындағы теңіз қатынасы да тоқтатылды.
Қолайсыз ауа райынан қаза тапқандар да бар. Бейсенбі күні Крит аралында бір адам су тасқынының құрбаны болды. Ал жұма күні Родос аралында бір адамды найзағай соғып, қаза тапты.