Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Грекия астанасына жақын жатқан Глифада қаласының маңында орман өртенді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Лаулаған жалыннан Вула мекеніндегі тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Тілсіз жаумен жүзден аса өрт сөндіруші күресіп, 6 ұшақ пен бірнеше тікұшақ жұмылдырылған. Бірақ мамандар жалынды сөндіруге жел кедергі келтіріп тұрғанын айтады. Өрттің неден шыққаны белгісіз.
Ал АҚШ-тың Флорида штатында жаңбыр селдетіп, су тасыды. Аймақтағы кей жерлерде су үй шатырларына дейін көтеріліп, көліктердің қалқып жүргенін көруге болады. Ал Ұлттық метерологиялық қызмет штатта тропикалық дауыл соғатынын ескертіп отыр. Ұйытқыған желдің екпіні сағатына 60 шақырым жылдамдыққа жетуі мүмкін.