Грекияда масадан жұғатын қауіпті вирус таралып жатыр

Жыл басынан бері елде вирус жұқтырған 65 адам тіркеліп, 65 жастан асқан алты адам қайтыс болды.

 istockphoto.com 19 Тамыз 2026, 17:48
19 Тамыз 2026, 17:48
114
Фото: istockphoto.com

Грекияда Батыс Ніл вирусы таралған аумақ кеңейіп келеді. Орталық Грекияда вирус жұқтырудың алғашқы жағдайы Фивы қаласында анықталды.

Науқас қалай ауырған?

Грек бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Фивы қаласындағы ауруханаға қатты басы ауырғанына шағымданып келген 65 жасқа толмаған науқастан зертханалық талдау нәтижесінде Батыс Ніл вирусы анықталған.

Науқастың созылмалы аурулары болмаған. Қазіргі жағдайы жақсы деп бағаланып отыр.

Масамен күрес жұмыстары жалғасуда

Вирус жұқтыру жағдайы анықталғаннан кейін Орталық Грекия өңірлік әкімшілігінің қызметкерлері Фивы ауданында масаларға қарсы шұғыл әрі нысаналы өңдеу жұмыстарын бастады.

Өңірде масалармен күрес бағдарламасы да күн сайын жалғасып жатыр.

Ауырғандар арасында қайтыс болғандар бар

Грекияның Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау ұйымының (EODY) мәліметінше, жыл басынан 5 тамызға дейін елде Батыс Ніл вирусын жұқтырған 65 адам тіркелген. 65 жастан асқан алты адам қайтыс болды.

Өткен жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша Грекияда Батыс Ніл вирусын жұқтырудың 35 дерегі тіркелген. Ал 2025 жылдың қорытындысында вирус жұқтырғандар саны 96-ға жетіп, 10 адам қайтыс болған.

 

Наверх