АҚШ-та Green Card (Diversity Visa) бағдарламасына қатысты іріктеу тәртібі қайта қаралуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім Қазақстан азаматтарын қоса алғанда, бағдарламаға қатысатын елдерге тікелей әсер етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Ішкі қауіпсіздік министрлігі Green Card бағдарламасы аясындағы қауіпсіздік тексерістерін күшейту және іріктеу механизмдерін жетілдіру мәселесін қарастыруда. Осыған байланысты лотереяға қатысу шарттары мен өтінімдерді қарау рәсімдеріне өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Diversity Visa бағдарламасы жыл сайын шамамен 55 мың шетел азаматына АҚШ-та тұрақты тұру құқығын алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама 1990 жылдан бері іске асырылып келеді және АҚШ-қа иммиграция деңгейі төмен елдердің азаматтарына арналған негізгі тетіктердің бірі саналады.
Reuters агенттігінің мәліметінше, бағдарламаны толық тоқтату туралы ресми шешім қабылданбаған. Алайда болашақта қатысушыларға қойылатын талаптарды қатаңдату, өтінімдерді қарау мерзімін ұзарту және қосымша қауіпсіздік тексеру құралдарын енгізу нұсқалары талқыланып жатыр.
Уақытша тоқтату мәселесі неге көтерілді?
Бағдарламаға қатысты талқылауларға 2025 жылғы 13 желтоқсанда Браун университеті аумағында болған атыс оқиғасы түрткі болды. Қайғылы жағдай салдарынан екі адам қаза тапқан.
АҚШ билігінің мәліметінше, күдікті Diversity Visa бағдарламасы арқылы 2017 жылы грин-карта алған. Осы оқиғадан кейін АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі бағдарламаға және оған қатысты қауіпсіздік рәсімдеріне қосымша тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған.
Сонымен қатар, 2025 жылдың соңынан бастап АҚШ-та биометриялық кіріп-шығу бақылау жүйесі кеңейтілді. Бұл жүйе Green Card иелерін қоса алғанда, елге кіретін және шығатын барлық шетел азаматтарына қолданылады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам иммиграциялық бақылауды күшейтуге бағытталған. Ал АҚШ Мемлекеттік департаменті алдағы өзгерістер туралы қосымша ақпарат ресми түрде жарияланатынын мәлімдеді. Бұған дейін іріктеуден өткен азаматтардың қолданыстағы құқықтары сақталатыны аталып өтті.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі не дейді?
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі америкалық құзырлы органдармен тұрақты байланыста жұмыс істеп келеді. ҚР азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында қажетті консулдық-құқықтық шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар көші-қон заңнамасын бұзған азаматтарға АҚШ аумағынан ерікті түрде шығу қажеттігі жөнінде бірнеше рет түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Министрлік мәліметінше, АҚШ-та «Еңбектің әділ стандарттары туралы заң» (Fair Labor Standards Act, FLSA) аясында елдегі барлық тұрғындардың, оның ішінде АҚШ азаматтары мен шетелдік жұмыскерлердің еңбек құқықтары тең дәрежеде қорғалады. Осы мәселе бойынша ҚР азаматтарынан Елшілікке ресми шағымдар түспеген.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі дерегіне сәйкес, АҚШ-та 3449 Қазақстан азаматы консулдық есепке алынған. Алайда консулдық есептің ерікті сипатта жүргізілуіне байланысты бұл көрсеткіш АҚШ-та жүрген азаматтардың нақты санын толық қамтымайды, - дейді Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ грин-карта беруді тоқтатқанын хабарладық.