Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Great Wall Motors компаниясының инженерлік-техникалық мамандарын оқыту және сертификаттау жөніндегі Орталық Азиядағы алғашқы ресми орталық ашылды.
Орталық ШҚТУ-дағы Лу Бань шеберханасының базасында Great Wall Motor, Tianjin Vocational University және Astana Motors компаниясының қатысуымен іске қосылды.
Мұнда автокөліктерді диагностикалау, жөндеу, сатудан кейінгі сервистік қызмет көрсету және интеллектуалды жүйелер бойынша мамандар даярланады. Оқуды аяқтаған қатысушылар GWM дилерлік және сервистік орталықтарында жұмыс істеуге мүмкіндік беретін сертификат алады.
Алғашқы кезеңде ШҚТУ-дың 15 оқытушысы мен инженері HAVAL H7 және TANK 500 автокөліктеріне қызмет көрсету бойынша даярлықтан өтті. Кейін университет мамандары Қазақстанмен қатар Армения, Грузия, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Әзербайжаннан келген мамандарды оқытты.
Алдағы уақытта оқу бағдарламасы Great Wall Motors компаниясының барлық модельдерін қамтиды. Орталықта жыл сайын Қазақстан мен басқа елдерден кемінде 500 маманды оқыту және сертификаттау жоспарланған.