Грант, жатақхана, лагерь: Қазақстанда жас қандастарға қандай жеңілдіктер бар?

12 Шілде 2021, 13:57
4155
Бөлісу:
Грант, жатақхана, лагерь: Қазақстанда жас қандастарға қандай жеңілдіктер бар?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов қандастарға оқу орындарында берілетін жеңілдіктерге тоқталды.

Шетелде тұратын этникалық қазақ балаларына Қазақстанда әртүрлі жазғы лагерлер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Назарбаев зияткерлік мектептері ұйымдастыруымен, Балдәурен, «Туған елге саяхат» Балалар туристік пойызы», «ZEREN» республикалық жазғы лагері. Жалпы 2019 жылы шетелден 600 бала Қазақстанға жазғы лагерлерге келді. 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты жобалар уақытша тоқтатылды, - деді ол.

Сарбасов айтып кеткендей, шетелдегі қандас талапкерлерге мемлекеттік гранттан арнайы квота бөлінеді. Қазіргі уақытта қандас талапкерлерге бөлінетін квота саны 2 пайыздан 4 пайызға ұлғайды.

Грант, жатақхана, лагерь: Қазақстанда жас қандастарға қандай жеңілдіктер бар?

Соңғы үш оқу жылында дайындық бөліміне 3500 грант бөлінді. Оның 90%-ы игерілді. Оған 3055 жас қандасымыз түсті. 2020 жылы пандемияға байланысты Қоғамның тікелей ұсынысы және ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен шетелдегі отандастарымыз Ұлттық біріңғай тестілеуді онлайн тапсыру құқығына ие болды, - деп түсіндірді қордың вице-президенті.

2021 жылы да сол тәжірибеге сүйеніп, 15-17 маусым күндері ҰБТ онлайн форматта өтті. Мемлекеттік квота аясында соңғы 5 жылда 3645 талапкер ҰБТ-дан шектік бал жинап, жоғарғы оқу орындарына түсті.

Сонымен қатар барлық шетелдік студентке яғни, қандастарға жатақхана міндетті түрде беріледі. Одан бөлек, колледжде оқу үшін де мемлекет тарапынан 4% квота қарастырылған. 2020 жылы 540 қандасымыз құжат тапсырып, барлығы грант иегері атанды.

2020 жылдан бастап «Отандастар қоры» ұсынысымен «Назарбаев университетіне түсу үшін қандастарға «Абай» атындағы гранттар беріле бастады. АҚШ, Канада, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия қатарлы мемлекеттерден 56 үміткер қатысып, 13 талапкер грант иегері атанды, - деп толықтырды Сарбасов.

«Отандастар қоры» отандық жоғары оқу орындарымен бірігіп «Отандастар» грантын әзірлеуде. Бүгінгі таңда «Қайнар» университеті, «Қорқыт Ата» атындағы мемлекеттік университет Қоғаммен бірлесіп, атаулы гранттар бөлу пысықталып жатыр.



Өзгелердің жаңалығы